Жарнама
Жаңалықтар

Атырауда Ұлттық киім шеруіне 3000-нан астам тұрғын қатысты

Ұлттық киім – халқымыздың терең тарихы мен бай мәдениетінің айнасы. Бұл күн ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, дәстүрімізді жаңғыртудың тамаша мүмкіндігі.
Атыраудағы Ұлттық киім шеруі осы терең мағынаны айқындап, оған халықтың үлкен қызығушылығы мен құрметін көрсететін тағы бір маңызды оқиғаға айналды. Үш мыңнан астам адамның қатысуымен өткен шеру қала орталығындағы Ту тұғырынан басталып, «Исатай-Махамбет» алаңына дейін жалғасып, еліміздің ұлттық болмысын, тарихын паш етуге зор үлес қосты.

Шерудің басында, көштің алдыңғы қатарында салт атты батырлар жүріп, көк туымызды желбіретіп, шерудің рухын көтерді. Шеру барысында ұлттық киімде жүрген қатысушылар бір-біріне мерекелік көңіл-күй сыйлап, қаланың көркін аша түсті.

Атырау қаласы әкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов шеруді құттықтау сөзімен ашып, ұлттық киімдердің біздің тарихымыз бен мәдениетіміздің ажырамас бөлігі екенін атап өтті.

– Қазақтың ұлттық киімі – біздің халықтың жаны, болмысы. Бұл киімдер өткен ғасырлардан жеткен рухани мұрамыз, мәдениетіміздің айнасы. Бүгінгі шеруде біз ұлттық киімді насихаттап қана қоймай, халықтың бірлігін, ұлттық сана-сезімнің жаңғыруын және дәстүрлеріміздің сақталуын көрсетіп отырмыз. Бұл мереке халқымызға рухани қуат беріп, жастарға үлкен тәрбие береді, — деді Н.Ермұханов.

Ұлттық киімдер шеруінің соңында «Исатай-Махамбет» алаңында мерекелік концерт жалғасты. Осы жерде дәстүрлі әндер мен күйлер шырқалып, халықтың қуанышы мен шаттығы шыңдалды. Ұлттық өнер мен мәдениетке деген құрмет одан әрі артты. Шеруге қатысқан әр адам өз дәстүрін, өзінің мәдениетін жоғары бағалай отырып, салт-дәстүріміздің әрбір ұсақ деталіне мән берді. Әжелердің кимешек киіп, қыз-келіншектердің ұлттық киіммен жүруі символдық мәні бар сәт болды.

Бұл ұлы мереке – тек сәнді киімдер мен әдемі көріністердің шеруі емес, ол біздің ұлттық санамыздың жаңғыруы, тарих пен мәдениеттің мәңгілік құндылықтарын дәріптеу үшін жасалған ұлы қадам.

Тоғжан ЕРМЕК

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button