ҰЛЫЛЫҚТЫҢ БАРЛЫҒЫ – ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗДАН

Ұстаз – ұлағатты ұғым. Шәкірттеріне біліммен бірге тәлім-тәрбие беруде, жақсы қасиеттерді бойына дарытуда олардың еңбегі зор. Сол себепті қашанда білім көшін жылжытып келе жатқан ұстаздар қауымына құрмет арта бермек. Сондай құрметті ұстаздардың бірі – физика-математика ғылымдарының кандидаты, профессор, Нью-Йорк Ғылым академиясының академигі болған, бүгінде ортамызда жоқ Хайреден Сұңғатұлы Сейітов. Ұстаз есімін ардақтауда облыстық тарихи-өлкетану мұражайында «Ұлылықтың барлығы - ұлағатты ұстаздан» атты көрме жасақталып, ашылу салтанаты өткізілді.

Шараны кіріспе сөзбен ашқан мұражай директоры Серік Мұхамбетов жиналғандарға ұстаздың ғибратқа толы ғұмыры мен еңбек жолын кеңінен әңгімеледі. 

Өмір жолы кейінгі ұрпаққа тәлім-тәрбие болар ұлағатты ұстаз Хайреден Сұңғатұлы 1946 жылы Құрманғазы ауданының Нұржау селосында дүниеге келген. 1963 жылы орта мектепті тәмамдаған соң, сол кездегі Гурьев педагогикалық институтының физика-математика факультетіне оқуға түседі. 

1977 жылы наурызда «Газ бен газ қоспаларының төменгі температурадағы жылу өтімділігі» тақырыбында кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап, физика-математика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алды. 1978-1987 жылдар аяғында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің жалпы физика кафедрасының меңгерушісі, кафедра доценті, деканның орынбасары, университет проректоры қызметтерін атқарған. 1999 жылы оған осы университеттің академиялық профессоры атағы берілді. 32 ғылыми жұмыстың, 3 оқулықтың авторы атанып, 1997 жылы облыстан алғашқы болып Нью-Йорк Ғылым академиясының мүшелігіне өтті.

Өз ортасында ғылымға деген құштарлығымен биікке көтерілген абзал азаматтың ерекше өмір жолы жайында мұражайдың экскурсиялық қызмет көрсету бөлімінің экскурсоводы Эльбина Мұхамбетқалиева баяндап, көрме тамашалаушы көпшілікке ғалымның еңбектерін, диплом мен төсбелгісін, ол туралы жазылған естеліктерді, газет бетіне жарияланған мақалаларды таныстырды. 

 Тарих ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Қоғамдық ғылымдар академиясының академигі Хисмет Табылдиев университеттің алғашқы кездегі қиындығына қарамай қажырлы еңбек еткен ұстаздың ерен еңбегіне тоқталды.

Кейін ғалым еңбек жолын мұнай өңдеу зауытында жалғастырып, ғылыми ізденістерін өндіріске енгізді. Ауа құрамындағы улы газдар мөлшерін бақылау жүйесі, ауадағы зиянды заттарды азайту, ірі жылу қондырғыларынан бөлінетін жылу мөлшерін есептеудің тиімді әдістерін іске асырды.

 Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры Ғизат Имашев, Атырау мұнай және газ институтының доценті Амангелді Құсайынұлы Хайреден Сұңғатұлымен алғашқы таныстығы қалай басталғанын әңгімеледі.

Ғалымның жұбайы, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің доценті Сәуле Құмарқызы көрменің ашылу салтанатында ұстаз туралы толғанысты естелігін айтты. 

Нұргүл ЫСМАҒҰЛ,

 Суреттерді түсірген 

Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз