Атырауда үйінде марихуана өсірген тұрғын анықталды
Атырауда облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында голландиялық марихуананы өсіретін зертхананы анықтады.
Бұл туралы аталған департаменттің баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәзира Мұхтарова хабарлады.
Атырау қаласының 1970 жылғы тұрғыны өзінің жатын бөлмесінде желдеткіші бар, сонымен қатар, температурасы мен жарық жағдайы сақталған шағын жылыжай жабдықтап, құрамында есірткі бар өсімдік өсірумен айналысқан.
Үй ішін тексеру барысында төрт ыдысқа отырғызылып, өсіп тұрған өсімдіктер табылды. 50 жастағы азаматтың айтуынша, есірткі өсімдіктерін сату үшін емес, өзі қолдану үшін өсіріпті. Бұл адам нарколог-дәрігердің сараптамасынан өтті. Нәтижесінде, оның қанының құрамында есірткі бары анықталды, — деді облыстық полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиев.
Қазір аталған азаматқа қатысты тиісті заңдылыққа сәйкес, «құрамында есірткі заттары бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Үйінде есірткі өсірумен айналысқан оның өсімдіктің тұқымын қайдан алғаны және қылмыстық бизнеске қатыстылығы бар-жоғы жөнінде тергеу жұмыстары жүргізілуде.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ