«Ғарыштағы түсімде жұмыр жерді көремін»

photo 22155 Жаңалықтар

Расында да солай екен. Ғарышкер Айдын Айымбетов көк кеңістігінде жүріп жазған күнделігінде «Ғарышқа ұшу жөніндегі арманым орындалды, бірақ, түсімде жерді көремін» депті. Ал, Байқоңыр айлағы алпыс жылдан аса уақыт қолданыста болғанымен, қазақстандық ғарышкерлердің көкке көтерілу мүмкіндігі еліміз егемендік алған сәттен соң ғана туды. Ал, 2012 жылғы 6 қаңтарда Елбасы «Ғарыш қызметі туралы» Заңға қол қойып, бұл саланың маңыздылығын еселеп арттырды.

photo_22155

Сонымен, ғарышқа алдымен Тоқтар Әубәкіров ұшты. Ол Қарағанды облысында 1946 жылы 27 сәуірде дүниеге келген, Армавир жоғары әскери ұшқыштар училищесін және авиация институтын тәмамдаған ол кеңестік кезде елуден аса реактивті ұшақты сынақтан өткізіп, көзге түседі. Сонау 1988 жылы әуеде ұшағына екі рет жанармай құю арқылы солтүстік полюске тұңғыш рет ұшу сапарын орындайды. Осы ерен ерлігі үшін қазақ жігіті Кеңес Одағының Батыры атағын алады. Келесі жылы «Миг-29к» ұшағын авиакрейсердің алаңшасына сәтті қондырып, шыңдалған шеберлігін тағы да паш етеді. Араға бір жыл салып ғарышкерлер құрамына қабылданады. Сөйтіп, 1991 жылғы 2 қазанда «Союз ТМ-13» кемесімен көкке көтеріледі. Биотехнология, металлургия, медицина саласын, Арал үстіндегі тұзды шаң борамасының пайда болуын зерт-тейді. Ол – шын мәнінде, өзге ұлт өкілдеріне селқос қарайтын Мәскеу саясатын мойындатқан, өзінің ерен ерлігімен кеңестік басшыларды таң қалдырған қазақ.

Ал, Қазақстан тәуелсіздігін жария еткен соң елге оралып, қарулы күштерімізді қалып-тастыруға, ғарыш саласының негізін қалауға атсалысты. Республика Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары лауазымын атқарды. Жоғарғы Кеңеске және ҚР Парламенті Мәжілісіне депутат болды. Кеңес Одағының Батыры атағын алып, «Алтын жұлдыз» медалін, Ленин, «Октябрь революциясы», «Құрмет белгісі» ордендерін кеудесіне қадаған ол елімізде де лайықты аталып өтті. «Халық қаһарманы», «Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы» атақтарын алды, «Отан» орденімен марапатталды.

Өзінің айтуынша, әр жылдың 12 сәуірі мен 2 қазанын ерекше атап өтеді екен. Бұлардың біріншісі – Юрий Гагариннің, ал, екіншісі – өзінің көкке көтерілген күндері.

Қазақ ұлтынан шыққан екінші ғарышкеріміз – Талғат Мұсабаев. Ол 1951 жылы Алматы облысының Жамбыл ауданына қарасты Қарғалы ауылында дүиеге келді. Ресейде де, Қазақстанда да генерал атағын иеленген азамат. Үш мәрте ғарышқа көтеріліп, аспан әлемінде барлығы 341 тәуліктен аса уақыт болған. Гиннестің әлемдік рекордтар кітабында бір айдың ішінде бес рет, яғни барлығы 30 сағаттан артық ашық ғарышқа шыққандығы жазылған.

2

Ол туралы тұңғыш рет екі мәрте ғарышқа ұшқан еуропалық ғарышкер әйел Клоди Эньерс «Ғарышты бағындыру – адамзаттың үлкен мақтанышы. «Байқоңырда» өте жақсы естеліктер, тамаша сәттер өтті деп айта аламын. Талғаттай ұлы бар қазақ халқы бақытты» деген-ді. Ал, Талғаттың өзі «Француз ғарышкерлеріне ғарышқа шығуға көмектескен мен болатынмын» дейді мақтанышпен.

Талғат Мұсабаев – «Халық қаһарманы» және «Ресей Федерациясының Батыры» атақтарын алған, Аустрия орденімен, АҚШ-тың «Ғарышқа ұшқаны үшін» медалімен марапатталған азамат. Бос уақытында фортепиана мен гитарада ойнап, ән салғанды ұнатады.

Тәуелсіздік жылдары көкке көтерілген тағы бір қазақ жігіті – Айдын Айымбетов. Ол 1972 жылы Алматы облысының Талдықорған ауданындағы Өтенай ауылында дүниеге келген. Мектепті алтын медальмен бітірген соң Армавирдегі жоғары әскери авиациялық училищеде оқыған.

жылдар жаңғырығы Айдын АЙЫМБЕТОВ

Рас, Айдынның ғарышқа   салған соқпағы теп-тегіс бол-ған жоқ. Ол ұшуға дайын тұрғанымен, кезегін күтуге тура келді. Соған дейін британдық әнші Сара Брайтман ғарыштағы он күндік саяхаты үшін 52 млн. АҚШ долларын төлеуге даярлығын айтқан. Алайда, кейін бас тартты. Оның орнына тілек білдірген жапондық бизнесмен Сатоси Такамацу да мұндай қаражатты таба алмады. Сөйтіп, қазақ ғарышкеріне жол ашылды.

Ғарыштан оралған соң екі сағаттан кейін Айдын Астанаға ұшып кетті. Оны Елорда әуежайында Елбасының өзі күтіп алды. Мемлекет басшысы үлкен толқыныс үстінде «Қазақ жері алпысыншы жылдардан бастап ғарышқа жол тартатын мекенге айналды» деді.

Айдын Айымбетов «Халық қаһарманы» атағын алды, «Отан» орденімен марапатталды. Атырауға сапарлап келді. Ұлы Отан соғысының ардагері, аттасы Айдын Айбаров ақсақалдың батасын алды.

Мамандар Тоқтар Әубәкіров пен Айдын Айымбетовке қатысты көп ұқсастық тапқан. Алдымен алғашқысы кейінгі-сіне сапар алдында бата берген, оны өзінің ұлы санайды. Екеуі де араға 24 жыл салып Армавир жоғары әскери авиациялық училищесін бітірген және ғарышқа ұшқан. Екеуі де сәрсенбінің сәтті күні көкке көтерілген. Тоқтар ұшқан кезде ғарыш кемесінің командирі Александр Волков болса, оның ұлы Сергей Волков Айдын мінген корабльге жетекшілік еткен.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз