Атырауда туристер ағыны үш есе артқан

4p5a7527 scaled 1 Жаңалықтар

Атырау облысы Құрманғазы ауданына туристер ағыны үш есе өскен. Бұл туралы «Хабар 24» телеарнасының сюжетінде айтылды.

Телеарна мәліметінше, Құрманғазы ауданының таңғажайып табиғатын көруге құмартқандар көбейген. Қонақтардың жайлы демалысы үшін Қиғаш өзенінің бойында бес демалыс база жұмыс істеп тұр.

Ернар Сәрсенбаев 10 жылдан бері туризм саласында жұмыс істеп келеді. Қазір оның демалыс орыны уақытша жабық тұр: маусым аяқталды. Кәсіпкердің айтуынша, биыл бұрынғыға қарағанда туристер айтарлықтай көп келген.

«Жер алып, үйлер салдық. Туристер көптеп келуі үшін құрылысты жалғастырамыз. Маусымдық жұмысқа алты адамды жалдадық. Штатты кеңейтсек деген ойдамыз. Біздегі маусым – көктем мен күз аралығында. Кейде қыста да туристер болады. Жазда бізге лотос гүлін көруге келеді», – дейді туристік базаның басшысы Ернар Сәрсенбаев.

Туристер Қиғаш өзенінің бойындағы бес демалыс орнының біреуін таңдай алады. Оларды мұнда курорт қызметшілері қайықпен жеткізеді. Қонақтар жайлы номерлерде қоныстанады.

«Қайықтарымыз орнында тұрады. Барлығы таза, экология жанашырымыз. Сазан, алабұға, көксерке – мұнда барлық балық бар. Тек ауа райы жайлы болса жеткілікті», – дейді турист Денис Тарасов.

Кейінгі жарты жылда курортқа 1200-ден аса адам келген. Демалушылар ағыны көбеюіне байланысты, мұнда туристік кластер салу шешімі қабылданған.

«Туристік нысандарды жергілікті тұрғындар ғана емес, басқа да өңірлердің кәсіпкерлері салып жатыр. Құрманғазы ауданында туризм қарқынды дамып жатқанын айтқым келеді. Басты бағыт – аңшылық пен балық аулау», – дейді Құрманғазы аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Нұрлыбек Төлепов.

Биыл осы аймақтан тағы 10 кәсіпкер жер алған – жаңа демалыс орындары ашылады екен. Екі нысанның құрылысы биыл аяқталады.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз