Атырауда жаңа трансформатор стансасы салынып жатыр
Вокзал маңы ықшам ауданындағы көппәтерлі тұрғын үйлерді электр энергиясымен қамтамасыз ететін жаңа трансформатор стансасы салынып жатыр.
Осыған орай «Атырау Жарық» АҚ президенті Мейірбек Ғұбашев құрылыс нысанына барып, жұмыс барысымен танысты. Аталған жұмыстар биыл шілде айында аяқталады. Бұл туралы «Атырау Жарық» АҚ-ның «Күрделі құрылыс бөлімінің» басшысы Нұржан Жұмабаев мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
-Құрылыс барысында трансформатор стансасының нысаны толығымен бұзылды. Орны тазартылып, іргетасы құйылып, қабырғасы қаланып жатыр. Нәтижесінде тұрғындар сапалы ток көзімен қамтылатын болады. Энергияның қуаттылығы артады. Мәселен, осы уақытқа дейін қуаты 630 кВа екі дана күштік трансфаторлар болса, енді қуаты күшейтіліп, 1000 кВа болатын екі дана трансформаторға ауыстырылады. Сондай-ақ, жаңа электр қондырғылары орнатылады. Жөндеу жұмыстары барысында осы ауданның тұрғындарын электр жарығынсыз қалдырмас үшін ток көзі уақытша кезекті трансформаторға орнатылып, сол арқылы реттеледі, — деді Н.Жұмабаев.
Оның айтуынша, облыстағы тозығы жеткен 110/10/0,4 кВ әуе желілері мен жоғары кернеудегі электр стансалары, трансформаторлық пунктер жаңғыртылып, жаңартылып жатыр. Бұл жұмыстарды «Атырау Жарық» АҚ мекемесі энергообъектілері бойынша бірнеше жылдан бері мемлекеттік уәкілетті органдармен инвестициялық бағдарлама аясында атқарып келеді. Биыл да қаламыз бойынша 4 трансформаторлық пункт, 7 кешенді трансформатор стансаларына жаңғырту жұмыстары жүргізіледі.