
Атырауда «Түнгі қаладағы балалар» рейді өтуде
Жазғы демалыс кезеңінде балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету өзекті мәселе болып отыр. Бұл уақытта олардың түнгі мезгілде көшеде немесе ойын-сауық орындарында заңды өкілінсіз жүруі жиілейді. Мұндай жағдайлар беймезгіл уақытта келеңсіз оқиғаларға немесе құқықбұзушылықтарға әкеп соғуы мүмкін.
Осыған орай елдің барлық өңірлерінде, соның ішінде Атырау облысы аумағында да 27–29 шілде аралығында «Түнгі қаладағы балалар» атты республикалық жедел -профилактикалық іс-шара өтті. Ішкі істер министрлігінің тапсырмасына сәйкес ұйымдастырылған бұл шара жергілікті атқарушы органдар мен мүдделі мемлекеттік мекемелердің қолдауымен жүзеге асырылды.

– «Түнгі қаладағы балалар» жедел-профилактикалық іс-шарасының негізгі мақсаты – кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықбұзушылықтың алдын алу. Біз түнгі уақытта ата-анасының немесе заңды өкілінің қарауынсыз жүрген жасөспірімдерді анықтап, олардың тұрғылықты мекенжайын, әлеуметтік жағдайын зерделейміз. Сонымен қатар бөлім есебіне алынған жастармен профилактикалық әңгіме жүргізіп, олардың тәрбиесіне, бос уақытты тиімді өткізуіне қатысты ұсыныстар береміз,- деді Атырау қалалық полиция басқармасының ювеналдық полиция инспекторы, полиция лейтенанты Эльвира Серіковна.

Атырау облысында өткен «Түнгі қаладағы балалар» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полиция қызметкерлері бөлім есебінде тұрған жасөспірімдермен профилактикалық жұмыстар жүргізді. Олардың тәртібі, бос уақытын өткізуі, ортасы мен тәрбиесіне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар жастар мен жасөспірімдер арасында құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында түсіндіру шаралары ұйымдастырылды.
Іс-шара барысында құқықбұзушылыққа бейім кәмелетке толмағандар мен оларды заңсыз әрекеттерге тартатын ересек азаматтар да анықталып, олардың әрекеттеріне құқықтық баға берілді.
Тоғжан ЕРМЕК