ЖаңалықтарҚоғам
Атырауда Тәуелсіздік күніне арнап ерекше акция өтті
Атырау қаласында жастар белсенділері Тәуелсіздік күні мерекесіне арнап «Менің Туым. Менің елім!» акциясын өткізді. Іс-шараға қатысқан 20-дан астам волонтер алдымен «Нұрсая» шағынауданындағы 17 А үйдің балкондары мен терезелеріне егемендікті айшықтайтын мемлекеттік Туды іліп қойды.
- Бүгін атыраулық жастар бірігіп, елге, Отанға деген сүйіспеншілікпен осы акцияны қолға алдық. Арамызда оқу орындарының белсенді студенттері де бар. Бірнеше қабатты үйдің балконында Тәуелсіздіктің символы – көк Туымыз желбіреп тұр. Осындай сәттер жүрекке патриоттық рух беріп, ерекше сезім ұялатады. Біздің басты тілегіміз – көк байрағымыз қашанда көкте желбірей берсін. Отанын шын сүйетін патриот жастар көп болсын, — деді волонтер Илияс Үсенғалиев.
Ұлық мерекені ұлықтау мақсатында ұйымдастырылған акция Т.Жұмағалиев көшесіндегі №23 және Б.Құлманов көшесі, 112/1 мекен-жайындағы көп қабатты үйлерде жалғасын тапты.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ