Атырауда тасқынмен күрес үшін Жайық жағалауының 100 шақырымына бөгет соғылуда
6 сәуір, түнгі сағат 00.00. Атырауда қазір су басу қаупінің алдын алу және жою жөніндегі жедел штабтың отырысы өтіп жатыр.
Тасқынмен күресті күшейту үшін қазір Жайықтың жалпы ұзындығы 100 шақырым болатын жағалауына жаппай бөгет соғу жұмыстары жүруде.
-Қазіргі таңда жағаның осал тұстарын бекіту жұмыстары тәулік бойы тоқтаусыз жүруде. Бірақ, біз мұны жеткіліксіз деп есептейміз.
Қазір Орынбордан нақты мәлімет ала алмадық. Бірақ 1993 жылы Иректі су қоймасынан тәулігіне жіберілген су көлемі 1100 текше метр болған еді. Қазір білесіздер, аталған қоймадан жіберіліп жатқан су тәулігіне 2000 текше метрден асып кетті. Сондықтан, қаланың ішіндегі бөгеттердің барлығын биіктетуіміз керек. Қаланың іші, қала маңындағы барлық бөгеттердің биіктігі кемінде 6 метрден төмен болмауы керек. Сол себепті, біз әр шақырымды арнайы жұмыс тобына бекітіп отырмыз, — деді Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев.