Атырауда тамыз конференциясы өтті
Atr.kz/24 тамыз, 2019 жыл. 23 тамызда Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың қатысуымен педагогикалық қызметкерлердің дәстүрлі тамыз конференциясы өтті,-деп хабарлайды Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі.
Облыстық Білім беру басқармасы басшысының м.а. Жансұлу Төремұратованың мәліметі бойынша, бүгін облыста 47 237 сәбиді қамтитын 325 мектепке дейінгі білім беру ұйымдары қызмет етеді. 2018-2019 оқу жылы 7 балабақша іске қосылған. Жаңа оқу жылы қарсаңында 1744 орынға есептелген 5 мектептің құрылысы аяқталып, іске қосылады. 4190 орындық тағы 11 мектептің құрылысы жүруде.
— Педагог кадрларымен қамтамасыз ету әлі де өзекті мәселе болып тұр. Бүгін облыс мектептерінде 472 мұғалім жетіспейді. Жаратылыстану-математикалық циклінің педагогтары, бастауыш класстардың мұғалімдері және орыс тілінде оқытатын мектептерге орыс тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушылары керек. Соңғы үш жылда облыс әкімдігі білім беру гранттарын, соның ішінде, педагогикалық мамандықтар бойынша гранттар бөліп келеді. Өкінішке орай, орыс тілі мен әдебиеті және бастауыш класс мұғалімі мамандықтары бойынша оқуға ниет білдірушілер болмай тұр,-деді Жансұлу Төремұратова.
Білім беру басқармасының басшысы, сондай-ақ, инклюзивті блім беруді енгізу, оқушыларды кәсіби білім алуға тарту жұмыстары туралы баяндады, білім беру саласының проблемалары және оларды шешу жолдары туралы айтты. Мәселен, жаңа объектілердің құрылысы мектептердегі үш ауысымдық оқыту мәселесін шешуге және балабақшаларға кезекті азайтуға мүмкіндік береді.
Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев өңірдің педагогтар қауымдастығына жаңа оқу жылында сәттлік тілеп, облыстың білім беру саласының жетістіктері мен проблемалары туралы өз ойын айтты.
— Адам бала шағынан бастап, балабақшада, мектепте, орта және жоғары оқу орындарында алған білімінің арқасында қоғамға икемделіп, өз орнын табады. Сондықтан сіздердің қызметіңіз, педагогтың еңбегі әрбір адам үшін, бүкіл мемлекет үшін маңызды,-деді Н.Ноғаев.- Лайықты білім алу адам үшін өте маңызды екені анық. Оны игі мақсатқа қолдана білу де маңызды. Соңғы он жылда білім берудің мазмұнында сапалық өзгерістер болды. Оқытудың жаңа технологиялары, түрлері пайда болды. Сондықтан, аға буынның тәжірибесін пайдалана отырып, оқыту үдерісіне жаңа, заманауи тәсілдерді енгізу қажет.
Мемлекет білім беруге зор көңіл бөліп отырғанын өңір басшысы атап өтті. Атырау облысында тек биылғы жылы 12 мектеп, 4 балабақша, 3 колледж, 4 мектепке дейінгі шағын орталықты күрделі жөндеуге 2,5 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінді.
Бүгінгі күні облыста 11 мектептің және 11 балабақшаның құрылысы жүргізілуде. МЖӘ аясында тағы 9 балабақша салу жоспарланған.
— Бұның барлығы сапалы білім беруге қол жеткізуге бағытталған. Жас буын сапалы білім алып, бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Қазір біздің оқушыларымыз халықаралық және республикалық олимпиадаларда лауреат атанып, жеңімпаз болып жүргеніне куәміз. Бұл, алдымен, сіздердің еңбектеріңіз, құрметті ұстаздар. Жағдай жасауды қажет ететін тағы бір бағыт – инклюзивті білім беру. Бүгінгі таңда облыстың оқу орындарында білім алып жатқан 700 баладан басқа, тағы 6 мыңнан астам ерекше балаларға білім алу үшін жағдай жасау қажет. Осы бойынша жұмыс жасаймыз,-деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.
Облыс әкімі мектеп асханаларындағы тамақтандыру мәселесіне де тоқтап өтті.
— Ұсынылатын тамақтың сапасы бойынша ата-аналар тарапынан көп кінәрат қойылады. Бұрын да айтылғандай, бұл мәселені шешу үшін қоғамды, үкіметтік емес ұйымдарды, ата-аналардың өздерін тарту қажет, яғни, қоғамдық бақылау керек. Кез келген уақытта олар тамақтандыру қызметін ұсынып отырған кәсіпкерді тексере алады, біз оған қарсы емеспіз. Себебі, мемлекет айтарлықтай қаражат бөліп отыр, сондықтан, бюджет қаражатының тиімді пайдаланылуына бақылау жүргізу қажет,-деген пікір білдірді Н.Ноғаев
Уақыт тоқтаусыз жылжып, өмір ұдайы өзгеріп отыратынын айтқан облыс әкімі, педагогтарды соған сәйкес біліктілігін артырып, жаңа биіктерге ұмтылуға шақырды.