Атырауда тағы бір бала терезеден құлап түсті
Бүгін, 26 қыркүйек күні, сағат 12:43 шамасында Атырау қаласындағы «Модерн Сити» тұрғын үй кешенінің 15 г үйінде оқыс оқиға орын алды. Бесінші қабаттың терезесінен екі жастағы бала құлап түсті.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, құзырлы орындарға шұғыл шақырту түсіп, полиция қызметкерлері Әділет Селиханұлы мен Асланбек Төлеуұлы дереу оқиға орнына жетті. Олар бірінші қабаттағы шатырға құлап түскен баланы құтқарып, алғашқы медициналық көмек көрсетті. Кейін бала қауіпсіз жерге шығарылып, жедел жәрдем қызметі 2022 жылы дүниеге келген бүлдіршінді облыстық балалар ауруханасына жеткізді.
Дәрігерлердің мәліметінше, баланың қазіргі жағдайы өте ауыр, ол жансақтау бөлімінде жатыр.
Осы жағдайға байланысты облыстық төтенше жағдайлар департаменті ата-аналарға балаларды қараусыз қалдырмау керектігін қатаң ескертеді.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін «Нұрсая» шағынауданындағы көпқабатты үйлердің бірінде 3 жастағы баланың терезеден құлап кеткені туралы хабарлаған болатынбыз.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА
Сурет: gov.kz