ӘКІМШІЛІК КЕДЕРГІГЕ ТОҚТАУ ҚОЙЫЛДЫ

Жуырда Атырау қалалық сәулет және қала құрылысы, сондай-ақ, жер қатынастары бөлімдерінің қызметтерінде кәсіпкерлердің өтініштері мен құжаттарын қабылдау кестесін заңсыз бекіту түріндегі жасанды әкімшілік кедергілер анықталды.

 

Атырау облысы прокуратурасының хабарлауынша, бұл заңсыздық кәсіпкерлердің құқықтары мен мүдделерінің сақталуына, бизнестің дамуына теріс ықпал ететін мән-жайларға талдау барысында белгілі болды.

Көрсетілген жағдай Қазақстан Республикасының «Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау тәртiбi туралы» Заңының «өтiнiштер мiндеттi түрде қабылдануға, тiркелуге, есепке алынуға және қаралуға тиiс» деген талаптарына қайшы келіп отыр. Өтiнiштi қабылдаудан бас тартуға тыйым салынады.

Прокурорлық қадағалау жұмыстарынан кейін жұмыс уақыты туралы заңсыз бұйрықтың күші жойылып, қазіргі таңда көрсетілген бөлімдер кеңселерінің қызметі сағат 09.00-ден 18.00-ге дейін толықтай жұмыс жасаумен қамтамасыз етілді.

Аталған салаларда жетекшілік ететін тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Алтыншаш

ҚҰРМАШЕВА.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз