Атырауда су арналарынан 45 млн.ға жуық шабақ құтқарылды
Балықтарды құтқару жұмыстарына «Жайық-Каспий» облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының барлық бөлім қызметкері мен №5546 әскери бөлімінің сарбаздары жұмылдырылды, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Су маржандарын құтқаруға «АрнаулыАвтобаза», «Абылай-Хан» ЖШС, «Амангелді» ЖШС, «Сағиева» ШҚ, «Восток» ЖШС, «Тілекші» ЖШ және «Долгий» ЖШС қызметкерлері мен «Ақжайық» табиғи резерваты мекемесінің мамандары бірігіп, апта бойы үздіксіз қызмет етті.
— Қазір су қайтып, жайылмадағы су тартылуда. Салдарынан балық шабақтарының өлу қаупі туындады. Осыған байланысты шабақтарды құтқару жұмыстарын жүргізудеміз. Бұған 17 үлкен іс-шара бекітілді. Жалпы шабақтарды құтқару жұмыстары 5 тамызда басталса, 9 тамыздан бастап жұмыс күшін көбейттік. Оған 30-дан аса сарбаз және 20-дан аса балық шаруашылығы кооперативі жұмылдырылды. Ал канал бойында 100-ден аса Ұлттық ұлан сарбаздары және 20 кооперативтің 11-і жұмыс жасап жатыр. Жұмыстар басталғалы бүгінге дейін 44 млн. 741 шабақ құтқарылды, — деді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Н.Жантоқов.
Нәтижесінде Атырау-Доссор тас жолы бойындағы «Соколок» арнасынан және сол аумақтағы жайылма сулардан 646 мың шабақ құтқарылды. Ал «АЖЭО» АҚ-ның сарқынды суларына арналған Маломокрый арнасы бойында ағысқа қарсы жиналған судан 93 мыңға жуық шабақ сүзіп алынды.
Сонымен қатар Махамбет ауданындағы Жалғансай және Сарайшық ауылдық округі аппаратының қызметкерлері мен еріктілер бірлесіп, ауыл аймағындағы және Атырау-Орал тас жолы бойындағы жайылма сулардан 80 мыңнан аса балық шабағы құтқарылды.
Айта кетейік, арнайы құралдармен сүзіп алынған шабақтар оттекті ыдыстарға салынып, тірі күйінде Жайық өзеніне жіберілді.
Бұдан бөлек, тас жол бойындағы жайылма суларды «Соколок» арнасына құятын қосымша канал қазылып жатыр.