
Атырауда Спорт күні кең көлемде аталып өтті
Бұл күн – салауатты өмір салты мен жастардың спортқа деген құлшынысын айшықтайтын мереке. Облыста бұқаралық спортты дамытуға, жаңа нысандар тұрғызуға және спортшыларға қолайлы жағдай жасауға басымдық беріліп отыр.

Салтанатты жиынға облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиев қатысып, спортшылар мен жаттықтырушыларды кәсіби мерекемен құттықтады. Оның айтуынша, спорт – елдің келешегіне жасалған зор инвестиция, ал спортшылардың әрбір жетістігі – Қазақстанның абыройын асқақтататын үлкен үлес.

Мерекелік іс-шара барысында бірқатар спорт саңлағы мен жаттықтырушы Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің ведомстволық наградаларына, сондай-ақ облыс әкімінің Алғыс хаттары мен ақшалай сертификаттарына ие болды. Олардың ішінде Венгриядағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, қазақ қыздары арасынан тұңғыш рет дзюдодан әлем біріншілігінде жүлде алған Әбиба Әбужақынова, парадзюдодан әлем чемпионы Жұрқамырза Шүкірбеков, қола жүлдегер Айназ Құралов және отырып ойнау волейболы бойынша жеңімпаздар бар.

Сонымен бірге мереке аясында қала мен аудандардағы 18 спорт мекемесіне жаңа автобустардың кілті табысталды. Бұл жасөспірімдер мен кәсіби спортшылардың жарыстарға қауіпсіз әрі уақытылы қатысуына мүмкіндік береді.
Кештің көркін театрландырылған қойылым мен концерттік бағдарлама қыздырды. Осындай тағылымды шаралар спортшылардың мерейін асырып қана қоймай, өскелең ұрпақты спортқа баулуға зор серпін береді.