Атырауда созылмалы ауруға шалдыққан науқастарға тегін дәрі беруде кедергілер жоқ
Atr.kz/29 шілде, 2020 жыл. «Емханалар онлайн режимде болғанымен, қан қысымы, гипертония, қант диабеті, астма сынды созылмалы ауруға шалдыққан науқастарға дәрілерді тегін беруде кедергілер жоқ», — деп хабарлайды Атырау облысының денсаулық сақтау басқармасының баспасөз-қызметі.
«Кей науқастарға медбикелер дәрілерді үйлеріне жеткізіп тастауда. Ал, кей жағдайда науқастар емханаға келіп, дәрілерді өздері алып кетіп жатыр», — дейді Геолог емханасының жалпы тәжірибелік дәрігері Ақтоты Дүйсен.
Айта кетелік, пандемия жағдайына байланысты, емханалар жанынан мобильдік топтар жұмыс істеп жатыр. Геолог емханасы жанында осындай 6 мобильдік топ бар.
«Егер науқастың жағдайында ауырлау болып жатса, мобильдік топ жеке үйіне барып ем-шара жасайды. Ал, шұғыл жағдайда анализ тапсырушылар үшін, зертханаға онлайн жүйе арқылы жолдама беріліп отыр. Қазіргі уақытта жүкті әйелдерді офлайн режимде қабылдау жалғасуда», — деп атап өтті А. Дүйсен.