Мәулен Әшімбаев: Сайлаудың әділ әрі ашық өтуіне барлық жағдай жасалған

10 13 Жаңалықтар

ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев сайлауда өз таңдауын жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сенат төрағасы Астана қаласындағы №111 сайлау учаскесінде дауыс берді.

«Бүгінгі күн еліміз үшін маңызды, Президент сайлауы өтіп жатыр. Сайлау еліміздің алдағы дамуының бағыт-бағдарын айқындайды. Біздің еліміз үшін соңғы жылдары оңай болмады. Пандемия ел экономикасы мен халқымызға ауыр тиді. Коронавирусты бәріміз бірге еңсердік. Биыл Алматыдағы қаңтар оқиғасы бәріміздің қабырғамызды қайыстырды. Қазір әлемдегі геосаяси жағдай ушығып тұр. Дегенмен қиындықтарға қарамастан Қазақстан халқының бірлігі мықты», – деді Мәулен Әшімбаев БАҚ өкілдерінің сұрағына жауап бере тұрып.

Сенат басшысының айтуынша, бүгін әр қазақстандықтың өз таңдауын жасайтын күн.

«Биыл маусымда референдум өтті. Оның негізінде Конституциямызға бірқатар өзгеріс енгізілді. Атап айтқанда, саяси өзгерістер сайлауға да қатысты. Бүгін халық 7 жылға, бір ретке Қазақстан президентін сайлайды. Сайлаудың әділ әрі ашық өтуіне барлық жағдай жасалды. Кандидаттарға да теңдей мүмкіндік берілді. Дауыс беру барысын халықаралық байқаушылар қадағалап жатыр. Президент сайлауының Қазақстан заңнамалары мен халықаралық стандарттарға сай өтетініне сенімдімін», – дейді ол.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз