Атырауда «Шомылдыру рәсімі» өтеді
Қаңтардың 18-нен 19-ына қараған түні аймақтағы православ христиандары басты діни мерекелердің бірі – «Шомылдыру рәсімі» мерекесін атап өтеді.
Бұл туралы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары подполковник Руслан Шариев баспасөз брифингінде мәлім етті, деп хабарлайды
atr.kz тілшісі Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Атырау облысының аумағында 18-нен 19 қаңтарға қараған түні сағат 23:00-ден 03:00-ге дейін, сондай-ақ 19 қаңтар күні 10:00-ден 23:00-дейін бірқатар мекенжай бойынша арнайы белгіленген 7 суға түсу орны анықталды. Олар қаладағы «Орал» мейрамханасының маңы мен Тұрғындар қалашығы жағажайы және Ғазиз Жұбанов (бұрынғы Мечников) көпірінің тұсы. Сонымен қатар Құлсары қаласындағы Береке шағын ауданындағы Қамыскөл өзені маңы, Махамбет ауылындағы бұрынғы саябақ ауданы маңындағы өзен үсті және Құрманғазы ауылындағы Шарон өзені мен Индердербор кентінің бұрынғы құтқару станциясының маңындағы Жайық өзенінің аумағы.
Сондай-ақ Р.Шариев Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің 85 құтқарушысы мен қызметкерлері шомылу кезінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететінін атап өтті. Сонымен қатар шомылушыларды суға түсу кезіндегі ережелерді сақтауға шақырды.
— Құтқарушылардың, дәрігерлер мен полицейлердің бақылауымен арнайы жабдықталған ойықтарда ғана шомылу керек. Қысқы шомылдыру рәсімі кезінде бүйрек ауруы бар, жүрек-қан тамырлары аурулары бар, қан қысымы жоғары, қант диабетімен ауыратын және жүкті әйелдерге шомылуға тыйым салынады. Сонымен қатар «Шомылдыру рәсімінен» өтер алдын алкогольді сусындарды қабылдамаған абзал. Жасөспірімдер, әсіресе кішкентай балалардың қауіпсіздігі маңызды. Сол себепті ата-аналарға балаларын көзден таса қылмай, барынша өз жандарында ұстаған дұрыс. Сондай-ақ тұрғындарға тағы бір айтарымыз – өз мүмкіндіктеріңізді және денсаулық жағдайларыңызды бағалаңыздар, — деді Р.Шариев.