Жарнама
Жаңалықтар

Атырауда «Сарайшық» сапар орталығы ашылды

Атырау облысы Махамбет ауданы Сарайшық ауылы «Сарайшық» тарихи-мәдени мұражай-қорығының аумағында орналасқан сапар орталығының ашылу салтанатына ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов, облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев, мәдениет қайраткерлері, ардагерлер, басқарма басшылары, қоғам белсенділері, жергілікті тұрғындар қатысты.

Салтанатты шара Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры актерларының театрландырылған прологымен ашылды. Кейін Асхат Оралов сөз сөйлеп, сапар орталығының алдағы даму жоспарына тоқталды.

— Сарайшық — күретамыр тарихымыз. Оның тарихи мәнімен қоса, туристік әлеуетін арттыру ортақ міндетіміз десек қате емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бұл мекенге көңіл аударып, қолдау білдіруде. Сапар орталығы еліміздің ғана емес, күллі әлемнен келген туристерімізге жақсы жаңалық, қолайлы жағдай болады деген сенімдемін. Өйткені сапар орталығының ішінде Сарайшық қалашығының, Алтын Орданың тарихын туристерге түсіндіру бағытында жасаған нақты қадам деп есептейміз. Министрлік тарапынан облыстық мәдениет басқармасымен бірігіп, «Сарайшық» сапар орталығының бес жылдық даму жоспарын бекіттік. Тек бір орталықпен шектелмеу керек. Жайық жағасынан бірқатар ғимарат салынатын болады. Оны дамытып, шетелден келген туристерге паш етеміз деген ниеттеміз. Баршаңызға тарихи тұсаукесер құтты болсын! — деді А.Оралов.

Шарада облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев Алтын Орданың астанасы, хан ордалы Сарайшықтың төрінде ашылған сапар орталығы көптеген ғылыми зерттеу жұмыстарына мүмкіндік беретінін айтты.

— Атыраулық әр азаматты Сарайшықтың тағдыры алаңдатады. Өзіміз Жайық жағасында өсіп, ескі қаламыздың жағдайын ойлап, қашан осы жерде тарихи нысан бой көтереді екен деген ойда болдық. Осыдан 20 жыл бұрын мұражай салынса, жеті жыл бұрын жаға бекіту жұмыстары жасалды. Міне бүгін сол жұмыстардың жалғасы ретінде үлкен сапар орталығының ашылуына жиналып отырмыз. Қадірлі ағайын, бұл туристік нысан тарихи ағарту, яғни ғылыми жұмыстарға бағытталатыны сөзсіз. Осы орталықтың пайда болуы қазба жұмыстарын қайта жалғастыруға, Сарайшықтың әлі де ашылмаған тарихын зерделеуге үлкен серпін болары сөзсіз. Бұл — өңіріміздің ғана емес, еліміздің тарихындағы үлкен жаңалық. Отанымыз гүлдене берсін! — деді Ж.Бисембиев.

Сапар орталығының лентасын Сарайшық ауылдық арадагерлер  кеңесінің төрағасы  Қадим Сисенғалиев,  Махамбет аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Самат Жайлашев қиды. Меймандар Сарайшықтың тарихынан сыр шертетін Сапар орталығын аралады. «Сарайшық» сапар орталығында экспозициялық көрме залдары, қор қоймасы, конференц-зал, сондай-ақ зертханалық және реставрациялық бөлмелер, электронды деректер базасы бар кітапхана кіреді. Орталықта дәріс өткізуге арналған алаңдар, ашық аспан астындағы музей және этноауыл орналасқан.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button