
Атырауда руханият пен әдебиет салтанат құрды
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің алаңында Ұлттық кітап күніне арналған кең ауқымды әдеби-мәдени шара өтті. Ғабдол Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапхананың бастамасымен ұйымдастырылған бұл басқосу – руханият пен ұлт санасын жаңғыртқан тағылымды кездесу болды.

Шараны Атырау облысы әкімі аппаратының басшысы Нұрлыбек Жеңісбекұлы салтанатты түрде ашып, барша оқырман қауымды мерекемен құттықтады.
– Құрметті кітапсүйер қауым! Кітап – ұлт руханиятының алтын арқауы. Ол – ұлттық кодымызды, елдің жан дүниесін келер ұрпаққа аманаттайтын асыл қазына. Кітапқа жақын өскен адам – ойланатын, толғанатын, түйсінетін тұлға. Ал мұндай тұлғалардан рухани қоғам қалыптасады. Соңғы жылдары отандық авторлардың көбейіп, қазақ тіліне бейімделген, ұлттық ой жүйемізге сай келетін кітаптардың жарық көруі – қуанышты үрдіс. Біз кітап оқитын қоғамның өкілдері ретінде келер ұрпақты, әсіресе телефонға үңілген жастарды одан шығарып алудың жолын табуымыз керек. Кітап оқуды – мәдениетке, тіпті жаңа заманның трендіне айналдырайық, — деді ол.
Жазушы, өлкетанушы, «Қазақстанның құрметті журналисі», Ақпарат саласының үздігі, Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы Төлеген Жаңабай кітаптың ұлт өркениетіндегі орнына ерекше тоқталды.

– Атырау өңірі – ұлы ойшылдар мен сөз зергерлерін өмірге әкелген құнарлы топырақ. Біз олардың мұрасын сақтап, жас ұрпақты кітап оқуға баулып, рухани жаңғыру жолында аянбай еңбек етуіміз керек. Абай мен Махамбетті, Жұмекен мен Фаризаны жатқа оқитын ұрпақтан көп үміт күтуге болады, — деген жүрекжарды лебізін білдірді.
Ақын, аудармашы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағының Атырау облысындағы өкілі Әлия Дәулетбаева мен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ректоры Саламат Идрисов те кітапхана мен әдеби өмірдің қайта жандана түскенін атап өтті.
Содан кейін филология ғылымдарының докторы, профессор Қадыр Жүсіптің «Ақ Жайық жырлары», «Атырау қаламгерлері», «Парасат салтанаты», «Күй падишасы» атты жаңа кітаптарының тұсауы кесілді.

Көпшілік назарына ұсынылған жобалар қатарында «Әдеби салон», «Кітап – рухани қазына», «OPEN AIR» кітап инсталляциясы, жаңа әдебиеттер көрмесі мен фотозоналар, буккроссингтер мен әдеби кездесулер болды. Балаларға арналған «Балдаурен» қуыршақ театрының қойылымы, «Ғажап кітаптар әлемі» библиошары, «Дәмді кітаптар» библиофуршеті – мерекенің мазмұнын байыта түсті.

Сонымен қатар, «Ұлы Жеңіске 80 жыл», «Бір ел – бір кітап», «Ұлы халықтың Ұлы Абайы», «100 жаңа оқулық», «Бабалар сөзі» сынды көрмелер, викториналар мен әдеби композициялар – оқырманға рухани серпіліс сыйлады.
Майра ЕРҒАЛИ