
Атырауда республикалық әлеуметтік кәсіпкерлер форумы өтті
Іс-шара әлеуметтік кәсіпкерлік саласындағы жылдың маңызды оқиғасына айналып, тікелей диалог, тәжірибе алмасу және Қазақстан өңірлерінің тұрақты дамуына арналған бірлескен шешімдерді іздеу алаңына айналды. Биыл форум «Жарқыра» бағдарламасының іске қосылғанына 10 жыл толуына орай ерекше форматта ұйымдастырылды.

2016 жылы «Теңізшевройл» ЖШС қолдауымен құрылып, «Әлеуметтік бағдарламалар мен инновациялар қоры» жүзеге асырып келе жатқан бұл бастама 82 әлеуметтік кәсіпкерге гранттар, пайызсыз қарыздар, менторлық қолдау беріп, жетекші әлеуметтік кәсіпорындарда тағылымдамадан өту мүмкіндігін ұсынды. Бүгінде «Жарқыра» түлектерінің жобалары жыл сайын Атырау облысының 30 мыңнан астам тұрғынына көмектесіп келеді. «Осы жылдар ішінде “Жарқыра” бағдарламасы әлеуметтік кәсіпкерлер үшін нағыз мектепке айналды. Біз оның қатысушылары қоғамның дамуына алдағы уақытта да үлес қосатынына сенеміз, ал форум оларға жаңа идеялар, серіктестер мен ресурстар табуға көмектеседі», – деді Әлеуметтік бағдарламалар мен инновациялар қорының директоры Ирина Горбаченко.

Мемлекеттік құрылымдар, бизнес және қоғамдық сектор өкілдерінің қатысуымен өткен панельдік сессияда әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау тетіктері, жобалардың тұрақты дамуын қамтамасыз ету және табысты бастамаларды ауқымдауға жағдай жасау жолдары талқыланды. Сондай-ақ форумда ҚР Мәжіліс депутаты Динара Назарова, «Атамекен» ҰКП жанындағы әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі кіші комитеттің төрағасы Александр Соболев және ҚР Ұлттық экономика министрлігінің өкілі Шолпан-Сәуле Мұратбек сөз сөйлеп, өз тәжірибелері мен ұсынымдарын ортаға салды. «Атырау облысының тәжірибесі жүйелі қолдау мен салааралық ынтымақтастықтың нақты нәтиже беретінін көрсетеді. “Жарқыра” бағдарламасы – әлеуметтік бизнестерге арналған тұрақты экожүйені қалай құруға болатынының жарқын үлгісі», – деді Александр Соболев.

Форум соңында қатысушылар Атыраудағы әлеуметтік кәсіпорындарға барып, бағдарлама аясында туындаған идеялардың тәжірибеде қалай іске асырылып жатқанын және олардың жергілікті қауымдастықтарды дамытуға қосып жатқан үлесін өз көздерімен көрді.
Еркеназ ҚАЛИЖАН