
Атырауда құтқарушы иттер аттестациядан өтті
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің Жедел-құтқару жасағы базасында кинологиялық есептоптардың сертификаттау сынағы өткізілді. Іс-шараның негізгі мақсаты – іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізуге рұқсат беру үшін қызметтік иттердің дайындығын тексеріп, сыныптық біліктілікті растау.

Аталған департаменттің имидждік жұмыс және сыртқы коммуникациялар тобының хабарлауынша, аттестациялық тексеру үш кезең бойынша ұйымдастырылды.
І кезең – мойынсұну және ептілік сынағы. Бұл кезең Жедел-құтқару жасағының базасында өткізілді. Кинологтардың серіктестері – үш бельгиялық құтқарушы ит: Абрек, Гром және Ленгер мойынсұнғыштық пен ептілікке бағытталған арнайы жаттығуларды орындап шықты. Әр тапсырма 5 балдық жүйемен бағаланды.

ІІ кезең – қираған ғимараттар үйінділеріндегі іздестіру-құтқару жұмыстары. Бұл бөлім Атырау қаласының Балықшы ауданындағы ескі балабақша ғимаратында өтті. Жалпы аумағы 6000 шаршы метрді қамтыған іздестіру аймағында әр ит 20 минут ішінде үш зардап шегушінің кемінде екеуін табуы тиіс болды.
ІІІ кезең – табиғи ортада адам іздеу жұмыстары. Бұл тапсырма Талғайран ауылындағы Жайық өзенінің жағалауында орындалды. Құтқарушы иттер ашық далада іздестіру жұмыстарын сәтті жүзеге асырып, жоғалған адамдарды табу шеберліктерін көрсетті.
Барлық кезең нәтижелері бойынша жоғары белсенділік пен кәсіби дайындық танытқан үш кинологиялық есептоп «А» класс бойынша сертификат алуға лайық деп танылып, іздестіру-құтқару жұмыстарына қатысуға ресми рұқсат алды.
А.НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ