
Атырауда құйма бөлшектер зауыты салына бастады: 500 жұмыс орны, 96% жергіліктендіру
Бүгін Атырау қаласындағы оңтүстік өндірістік аймақта индустриялық кластерді дамыту бағытындағы жаңа стратегиялық нысан — Texol Steel Technology болашақ құйма зауытының іргесіне капсула салу рәсімі өтті.

Салтанатты шараға Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов, «Тексол Транс» ЖШС директоры Борис Зиганшин, ҚР Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Шыңғыс Сүйінбаев, ауыр машина жасау басқармасының басшысы Төреәділ Абдрахманов, кәсіпкерлер, құрылысшылар мен БАҚ өкілдері қатысты.
Жоба Атырау қаласында ірі индустриялық кластер құру шеңберінде жүзеге асырылуда. Бұл кластердің орталығы — Атырау вагон құрастыру зауыты. Жаңа зауытта теміржол вагондарына арналған болат құйма бөлшектер шығарылмақ. Жоба бұған дейін шетелден жеткізіліп келген құрамдас бөлшектерді отандық өнімдермен алмастыруға мүмкіндік береді. Негізгі шикізат — металл сынықтары және ферроқорытпалармен қазақстандық жеткізушілер қамтымақ. Кәсіпорын 2027 жылы іске қосылады деп жоспарланған.

-Құйма бөлшектер шығаратын зауыт құрылысының басталуы — Атырауда индустриялық кластерді дамытудағы маңызды қадам. Бұл зауыт вагонға қажетті бөлшектер өндірісін 96% көлемінде жергіліктендіруге, 500-ден астам адамды жұмыспен қамтуға, өңірде өңдеу өнеркәсібін дамыта түсуге мүмкіндік береді. Бұл жоба — Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді іске асырудағы нақтылықтың көрінісі, — деді Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов.
Салтанатты рәсімде облыс әкімі мен компания басшысы болашаққа жолдауға қол қойып,оны уақыт капсуласына салды.
Сонымен қатар, теміржол қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай, «Тексол Транс» ЖШС директоры Борис Харисұлы Зиганшинге «Құрметті теміржолшы» атағы берілді.