T  r  yindar tilegi

Тұрғындар тілегі – ауаның тазалығы

Жаңалықтар Экономика Қоғам

«Мен атыраулықтар бір күні ұйқысынан оянбай қала ма деп қорқамын».

 Академик Мұфтах ДИАРОВ

Тұрғындар тілегі –

Облыстық әкімдікте өткен кезекті жиналыста аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев шаһардағы ауаның ахуалына назар аударды. Оны қадағалайтын құзырлы орындарды қажетті құралдармен қамтамасыз еткен атқарушы билік енді олардан нақты нәтиже күтуге де құқылы.

Күкірттің иісі қайдан шығады?

Биылғы мамырда Атырау мұнай өңдеу зауытынан тағы да өрт шықты. Тағы деп тұрғанымыз – мұндай тосын жайлардың бұрын да орын алып жүргендігі. Бұл жолы қатардағы компрессорлардың бірі кенет тоқтап, соның салдарынан улы газ мұржа арқылы ауаға жіберілген.

Рас, кәсіпорын басшылығы мұның әдеттегі технологиялық процесс екендігін және адамдар саулығына ешқандай әсері жоқтығын айтқан-ды. Әйтсе де, жұртшылық зауыт маңынан тараған қою түтінді көзімен көрді, оған үрейлене қарады. Бұл да негізсіз емес екен. Өйткені, кейін экологтар осы оқыс оқиға салдарынан ауаға күкірттің, азот диоксиді мен оксидінің және көміртегінің көп мөлшерде тарағанын анықтады. Бұл кәсіпорын маңында алынған сынама нәтижесінде белгілі болды.

Абырой болғанда, сол күні солтүстік-батыстан соққан жел жағымсыз иісті шаһар сыртынан алып кетіп, қалалықтар оны қатты сезінбеген секілді. Ал, табиғаттың мұндай сәттілігі үнемі бола бере ме? Оның үстіне осы өндіріс ошағында оқыс оқиғалар жиі қайталанып жатыр.

Облыс әкімі экологтар назарын осындай тосын жайларға аударған-ды. Тұрғындардан да шағым жиі түседі. Таңертең дел-сал күйде ояну, жаппай бас ауыруы тегін бе? Жалпы, қалада күкірт иісі қайдан шығады? Ал, бұл – «қара алтын» құрамында кездесетін қоспа. Шаһар ортасында мұнай өндіріп жатқан ешкім жоқ. Демек, улы газ оны тасымалдаушылар мен өңдеуші кәсіпорындардан шығып жатыр. Халық әлдеқашан білетін нәрсе құзырлы орындарға әлі мәлім емес пе?

Жалпы, мамандардың  пікірінше, шаһар ауасын ластаушылардың 80-85 пайызы – мұнайға қатысты өндіріс ошақтары. Мәселен, «КазТрансОйл» акционерлік қоғамының Атырау мұнай құбырлары басқармасы көмірсутегі қоспаларының 68,7 пайызын шығарады. Ал, осындағы мұнай өңдеу зауытының үлесінде күкіртті диоксидтің 52,54 пайызы бар. Мұндай тізімді одан әрі жалғастыра беруге болады.

Әрине, республикалық маңызы бар ірі кәсіпорындарды қала сыртына көшіру мүмкін емес. Олар осында орнығып қалды. Ара-тұра айыппұлға жыққанмен, жұмысын тоқтату қиынға соғады. Алайда, аймақ басшысы тағы бір басқосуда айтқанындай, солардың қоршаған ортаға тигізер әсерін барынша азайтуға болады емес пе? Атқарушы билік экологтар қолына жетілген жабдықтарды ұсынғанда көзделген мақсат – осы. Өйткені, бұған дейін осындағы ірі кәсіпорындар өздері орнатқан ауа тазалығын бақылайтын стансалардың көрсеткіштері «Казгидромет» бөлімшесінің мәліметтерімен сәйкес келмейтін. Табиғат сақшылары да дәл қай компания атмосфераны ластап жатқандығын білмей дал болатын. Енді кінәлілерді бұлтартпай ұстауға мүмкіндік бар.

Қалдық судағы қауіпті қоспа

Облыстық экология департаментінің дерегіне қарағанда, «Вест Дала» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндірістік базасы орналасқан аймақтан күкіртті сутегінің иісі аңқиды екен. Бұл кейде шекті деңгейден де асып кететін көрінеді. Мұндай жай, әсіресе, түнгі 22-23 сағат пен таңертеңгі 6-7 шамасында анық аңғарылады. Жалпы, кейбір өндіріс ошақтарының таңға таяу залалды қалдықтарды ауаға лақтырып жіберетіндігін естуші едік. Ал, мұнайды өңдемейтін, тіпті тасымалдамайтын мекемеде күкіртті сутегі қайдан жүр? Бұл кәсіпорын негізінен тұрмыстық қалдықтарды жинайды. Рас, келісім бойынша кейбір кәсіпорынның өндірістік қоқыстарын да реттейді. Әлде әлгі күкіртті сутегі сондай жолмен келіп қалған ба? Ендеше, оны қалалықтарға қауіпсіз етіп кәдеге жаратпай ма? Қазақ «қолың  көтермес шоқпарды беліңе қыстырма» дейді. Егер мұндай шараны жүзеге асыруға о баста мүмкіндігі жоқ болса, неге міндетіне алған?

Сонымен қатар, Алмагүл ықшамауданы мен Геолог елді мекені жақтан келетін кәріз жүйесінде күкіртті сутегі иісі ерекше сезілетін көрінеді. Тұрғын үйлердің қалдық суында мұндай қауіпті мұнай қоспасы қайдан жүр? Адамдардың өздері араластырып жатпағаны кәміл. Демек, ортадан әлдекімдер қосылуы ықтимал. Облыстық экология департаменті «АтырауСуАрнасы» мекемесін сотқа сүйреп жүргені де содан шығар. Мұндай қатер «Сасық сай» атанған буландыру алаңынан да төнеді. Аймақ басшысының табиғат сақшыларына «мұнай иісін айыру соншалықты қиын ба?» деуі де сондықтан.

Көлік кептелісі –көк  түтіннің ұясы

Бұл мәселеге академик Мұфтах Диаровтың назар аударғанына бірнеше жылдың жүзі болды. Қадірменді қарт әлдеқашан дабыл қаққан. Өйткені, қаладағы көлік кептелетін тұс нағыз улы газдардың жиналатын орны екен. Осы көліктер жылына 120 мың тонна залалды қалдықты атмосфераға лақтырады. Бұл да дәл мәлімет емес. Өйткені, мемлекеттік көліктерден шығатын зиянды заттарды олардың күнделікті жұмсаған жанармайы арқылы анықтауға болар. Ал, жеке иеліктегі машиналар ше? Қазір солардың нақты саны да белгісіз. Себебі, көптеген көліктер басқа елдерде тіркеулі. Еуразиялық экономикалық одақ аясында «темір тұлпарды» басқа мемлекеттерден де алуға мүмкіндік бар. Бірақ, Атыраудың ауасын бүлдіріп, бәрі осында жүр.

Жол полициясы қызметкерлеріне айтар уәж де бар. Көшеде көк түтіні бұрқырап бара жатқан көліктерге еш көңіл бөлмейді ғой. Ал, шындығында, техникалық тұрғыдан жарамсыз болса, жолға шығуға мүлде болмайды емес пе? Әлде бұл олардың міндетіне кірмей ме?

Ауа тазалығы – ағаштан

Мұхаммед (с.ғ.с) хадисінде «Ақырзаман келіп тұрса да, егер бойыңда ағаш егуге жетерлік күшің болса, онда көшет отырғыз» делінген екен. Демек, адамның артында қалатын ғибратты іс – ұрпақ өсіру, үй салу мен ағаш егу.

Бұдан біраз жыл бұрын кәсіпкер Бексұлтан Мұханов шаһардағы әр адамды бір көшеттен отырғызуға шақырған-ды. Орынды бастама еді. Қолдауға ие болмады. Бірақ, әр жылы жүздеген жас ағаштар егіліп жатыр. Тек солардың өсуі қалай? Кеңестік кезде жүргізілген суландыру жүйесі бүгінде әбден тозған. Тотыққан тұрбалармен Жайықтың суын пайдаланып жатқандар аз. Бәрі бау-бақшаға ауыз суды тұтынуда. Ал, коммуналдық қызметтің бұл түрі жыл санап қымбаттап келеді.

Сөздің шыны керек, Атырауда ағаш аз. Байырғы тал-теректер қурап, әрі қарай өсуін тоқтатты. Кейбірі құлаудың алдында тұр. Сәл жел тұрса, тамырымен жалп етуі мүмкін. Осы орайда, қарапайым үйеңкінің жылына 2 кг 100 грамм оттегін шығаратынын айтқан абзал. Ендеше, соны көбірек отырғызған жөн секілді. «Сұлуынан жылуы» дегендей, әдемілігі өз алдына, осы өңірді жерсініп кететін ағаштар қажет.

Шаһар маңында шағын ауылдар көп. Солардың бәрі демесек те, көбі аулаларына ағаш отырғызады. Бұл – құптарлық бастама. Тек, жоғарыда айтқанымыздай, суару шығынын қалтасынан төлеуде. «Текке ақша шығарғанша, жайыма жүргенім жақсы» деп қол қусырып отырғандары да кездеседі. Қайткенде де, әркімнің өз еркі бар. Бірақ, тал-терек күн көзінен көлеңке ғана емес, ауаны тазартатын өсімдік екенін де ұмытпағанымыз абзал.

P.S. Республикалық «Казгидромет» мекемесінің алдыңғы жылы таратқан мәліметінде Атырау қаласы ел бойынша ауасы онша ластанбаған шаһарлар санатында аталады. Соған дейін де осындай деректі кездестірген едік. Әрине, таң қалғанбыз. Егер атыраулықтар арасында соңғы кезде өкпе қабынуы, қант диабеті, қан қысымы, жүрек талмасы тәрізді дерт асқынып отырғанын ескерсек, онда Астанадан жеткен дерекке күмәнмен қараймыз. Оның үстіне, тағы да академик Мұфтах Диаров айтқанындай, тұрғындардың денсаулығы жөнінде әлі де объективті сараптама жоқ.

Меңдібай Сүмесінов

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған