Жарнама
Жаңалықтар

Атырауда қоқыстың ортасында тұрып жатқан тұрғындар наразылық білдірді

Атырау қаласындағы «Өркен-2» шағынауданының тұрғындары редакцияға хабарласып, күл-қоқыстан көз ашпай отырғандарына шағымданды. Біз айтылған жерге аяқтай барып, тұрғындармен тілдескен едік.

«Біздің шағынаудан Атырау қалалық əкімдігіне қарайды. Бірнеше рет шағым түсірсек те, карьер көмілмек түгілі тазартылмады да. Бұл біз секілді қарапайым тұрғындардың қолынан келмейді. Қолымызда ешқандай техника жоқ. Айнала құрылыс материалдарының қалдықтарына толып кетті. Қоқыстан бөлінетін улы газ саулығымызға кері əсер етіп тұр. Сасық иістен бас айналып, жүрек айнып, үйден шыға алмаймыз. Тыныс алу мүмкін емес. Жерасты суына толып тұрған карьерге ойнап жүрген бала түсіп кетсе, кім жауап береді?! Қоқыс толы карьер мəселесін жергілікті блогерлер көтерді, журналистер де жазып келеді. Бірақ, оның еш нəтижесі болмай тұр. Сондықтан, бұл мəселеге жауапты органдар назар аударса екен дейміз. Карьерді көміп, қоқыстан тазартуды талап етеміз. Бұл жергілікті басшылықтың жұмысына сын емес пе?!» деп ашынады тұрғындар.

Оның үстіне, мұнда мүмкіндігі шектеулі бала тəрбиелеп отырған жəне көпбалалы аналар тұрады. Қоқыстан бөлек, оларды жол мəселесі де қынжылтады. Өйткені, ауыл ішінде «жедел жəрдем» жүретін жөндем жол да жоқ. Ал, мүгедек балалармен жүріп-тұру оңай емес. Бір қызығы, мұнда келген экологтар тексеру, өлшеу жұмыстарын жүргізіп, «лəм» деместен жөндеріне кетіпті. Тым болмаса, сынама қорытындысымен де таныстырмаған. Біз хабарласқан облыстық экология департаментінің өкілі Əйгерім Қадырова бұл проблема бойынша Атырау қаласының əкімдігіне хат жолданғанын айтты.

– Қала әкімдігі №35 орта мектептің маңындағы қоқыс үйінділерін «Арнаулы автобаза» ЖШС тұрақты тазартып отырғанын айтып жауап жазды. Алайда, тұрғындар қатты тұрмыстық қалдықтарды өздері лақтырып, қайта ластап отыр. Осыған орай, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі полиция басқармасына қоқыс үйінділері жиналған жердің иесін анықтап, тиісті шаралар жүргізуге ықпал ету жөнінде хат жолдады, — деді департамент өкілі.

Бір емес, бірнеше жылдан бері шешімін таппаған проблемаға біз қалалық әкімдік мамандарынан түсінік беруді сұрағанбыз.

 – Аталған жер – жекеменшіктің иелігінде. Ал, жекеменшіктегі нысанға бюджеттен қаражат бөлу заңға қайшы. Дегенмен, былтыр бұл жерде жиналған қоқыс тазаланды. Өкінішке қарай, тұрғындар әлі күнге дейін қоқысты сол аумаққа төгіп келеді. Осыған байланысты, әкімдік тарапынан бұл мәселе жан-жақты қаралып, оң шешімін табуы үшін тиісті жұмыстар атқарылуда, — дейді әкімдіктің баспасөз қызметкері Нұрислам Ғұмар.

Ал, Атырау қалалық мәслихатының төрағасы Нұрбол Құрманның пікірінше, бұл бір-екі күнде шешіле қоятын мәселе емес.

– Мен бұл жағдаймен жақсы таныспын. «Өркен» шағынауданындағы қоқысқа толған үш сайдың мәселесін шешу қомақты қаражат пен қыруар уақытты қажет етеді. Өз тарапымнан Атырау қаласының әкімдігіне депутаттық сауал жолдадым. Бұл мәселені толық шешімін тапқанша өз бақылауымда ұстаймын, — деп сендірді мәслихат төрағасы.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button