Атырауда қоғамдағы әйел мәртебесі талқыланған форум өтті
Атырау облысында өңірлік әйелдер форумы өтті деп хабарлайды atr.kz тілшісі.
«Қоғамдағы әйел мәртебесі: Ұлттық құндылықтар, заманауи көзқарас» атты облыстық форумның жұмысы осыдан бір жыл бұрын айтыла бастаған болатын.
Енді өңіріміздегі әйелдердің басын қосатын, олардың гендерлік теңдігін, қоғамдық — саяси және әлеуметтік — экономикалық өміріне белсене араласуын бағыттау мақсатын көздейтін партияның жаңа әйелдер қанаты жұмысын бастады.
Форумда әртүрлі салада қызмет жасап жүрген әйел азаматшалары алуан тақырыпта ой бөлісті. Атап кетсек, тұрмыстық құқық бұзушылықтың алдын алу, әйелдер мен балаларды қолдау, әйелдердің кәсіпкерлік бастамаларын қолдау, саяси көшбасшылықтағы әйелдердің ролі, ауыл әйелдерінің қоғамдағы ролі тәрізді ең өткір тұрған тақырыптар талқыланды.
Жаңа құрылған әйелдер қанатының кеңесшісі лауазымына Атырау облыстық мәслихатының депутаты, Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжінің директоры Қарабаева Айжан Сәрсенқызы сайланды.
Сондай — ақ, аймақтың қоғамдық өміріне белсене араласқан қоғам қайраткері Мадина Ғабдусалимқызы өзінің ақ батасын берді.
“Осы шаралардың бәрі қазіргі қоғамдағы әйел адамдардың ролінің артқандығын көрсетеді.
Шын мәнінде де әйел адамдар араласпайтын сала жоқ. Бірақ соның өзінде олар өзінің сүйікті жұбай, ардақты ана, отбасының ұйтқысы екенін ұмытқан емес.
Партияның да мақсаты сол — әйел азаматтың еңбегінің барлық түрі өзінің тиісті бағасын алуы, мәртебесін көтеруі.
Өңіріміздегі кез келген әйел, мейлі ауылдық па, мейлі қалалық па, отбасы, әулет, ел дамуына үлес қоса алады. Бірге ойласып, бірге атқарайық жақсы істерді”, деді Мадина Ғабдусалимқызы.