
Атырауда қарилар даярлау орталығы ашылды
Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Атырау облысына барған сапарында Қызыл балық ауылында «Бақтыгерей молла» жанындағы Қарилар даярлау орталығының ашылуына қатысты.

Игі іс-шара қасиетті Құран аяттарымен ашылып, Бас мүфти ел игілігі мен бірлігі үшін дұға жасады. Құран сауабын ел үшін жанын құрбан еткен ата-баба рухына бағыштады.
Берекелі басқосуда ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы: «Аллаға шүкір, бүгінгі таңда еліміз бойынша 12 Қарилар даярлау орталықтары бар. Бұл орталық еліміздегі Құран жаттау мектебін жаңа деңгейге көтеретін іргелі жоба болады деп сенемін. Мұнда шәкірттерге тек Құран жаттату емес, сонымен қатар дін мен дәстүр құндылықтарын үйрету, адамгершілікке баулу, патриотизмге тәрбиелеу сынды тағылымды насихаттар жүргізіледі.
Бұл орталықта тәрбиеленетін қарилар ертеңгі күні еліміздің мешіттерінде, оқу орындарында қызмет етіп, халықаралық жарыстарда ел намысын қорғайтын, қоғамға өнеге болатын азаматтар болады. Олар тек Құран жаттаумен шектелмей, көркем мінез, ізгі амал, сабыр мен салиқалы сөздің үлгісін көрсете білуі тиіс. Бұл – нағыз мұсылманның сипаты.

Егемен еліміздің еңсесі биіктеген сайын, дін саласындағы іргелі істердің де жандануы – заңдылық. Қариларды даярлау – тек Құранды жаттау ғана емес. Бұл – жүрекке иман ұялату, Алланың сөзін өмірлік ұстаным етіп қабылдай алатын буынды тәрбиелеу. Рухани байлықты арттыру дәл осындай білім ордаларынан басталады.
Осы орталықтың ашылуына мұрындық болған барлық демеушілерге, ұстаздарға, жанашыр азаматтарға шынайы алғысымды білдіремін. Алла Тағала әрбір игі амалдарыңызға мол сауаптан жазсын», – деді.
Игі іс-шарада Бас мүфти Құран даярлау орталығының салынуына демеушілік жасаған азаматтарға Алғыс хатын табыстады. Айта кетсек, орталықта дәрісхана, кітапхана, асхана, конференция залы бар. Жалпы аумағы мың шаршы метрден асады.