Облыстық филиалда – жаңа төраға

Облыстық филиалда – жаңа төраға Жаңалықтар

Бейсенбіде Қазақстан Журналистер Одағы Атырау облыстық филиалының есеп беру-сайлау жиналысы өтті.

Облыстық филиалда – жаңа төраға

Алдымен, ғалым, ұстаз, ақын, Қазақстан Журналистер және Жазушылар Одақтарының мүшесі Қадыр Жүсіпке 80 жасқа толуына байланысты құрмет көрсетілді.

Жиналыста филиал төрағасы Қуандық Батыровтың соңғы үш жылда атқарған жұмысынан есебі тыңдалды.

Одан кейін тексеру комиссиясының төрайымы Балауса Халелова хабарлама жасады.

Баяндамалар бойынша жарыссөзге журналистика саласының ардагерлері Любовь Монастырская, Хамит Әубәкіров, Қайырбек Ермұханов, қоғамдық тілші Мұрат Бектенов, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің оқытушысы Қылышбай Сүндетұлы және басқалары қатысып, ұсыныс-пікірлерімен бөлісті.

Жиналыста ұйымдық мәселе қаралып, филиал төрағасы Қуандық  Батыровтың  өз өкілеттігін тоқтату туралы өтініші тыңдалып, қанағаттандырылды. Күн тәртібіне ұйымның жаңа басшысын сайлау мәселесі қойылды. Бұл жөнінде екі кандидатура ұсынылды. Біріншісі – облыстық «Атырау» газетінің бас редакторы Исатай Балмағамбетов, екіншісі – «Қазақстан-Атырау» телерадиокомпаниясының редакторы Балауса Халелова. Конференцияға қатысушылардың ашық дауыс беруі нәтижесінде көпшілік дауысты иеленген Исатай Құндызбайұлы Қазақстан Журналистер Одағы  Атырау облыстық филиалының төрағасы болып сайланды.

Соңынан бақылау кеңесі мен тексеру комиссиясының жаңа құрамы бекітілді.

Дәулетқали АРУЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз