Атырауда Отан қорғаушылар күніне орай салтанатты жиын өтті
Бүгін 7 мамыр – Отан қорғаушы күніне арналған салтанатты жиын өтті. Сахна төріне еліміздің Мемлекеттік Туы салтанатты жағдайда шығарылып, Мемлекеттік Гимні шырқалып, көпшіліктің рухын көтеріп тастады. Салтанатты жиынға облыс әкімінің орынбасары Марат Мұрзиев құттықтап, еліміздегі бейбітшілікті сақтауға үлес қосып жүрген жандарға жылы лебізін арнады.
— Отан қорғау – перзенттік парыз, мәртебелі міндет. Еліміздің тыныштығы мен жеріміздің тұтастығын сақтау жолында қалтқысыз қызмет етіп жүрген ержүрек жауынгерлеріміздің еңбегі ерен. Биыл Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылғанына 31 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде ұлттық армиямыз түрлі даму сатыларынан өтіп, жылдан жылға қуаты артып келеді. Айбынды армиямыз – тұғырлы Тәуелсіздігіміз мен мемлекетіміздің берік қорғаны болып табылады, — деді Марат Бисенғалиұлы.
Салтанатты жиында қызметте алдыңғы қатардан көрінген сала қызметкерлері марапатталды.
Рита Өтеуғали
Суреттерді түсірген Әнуар Әбілғазиев