Жарнама
Жаңалықтар

Атырауда оқушы тұрғындарды өрттен құтқарды

«Атырауда өз өмірін қауіпке тігіп, өртке оранған үйден адамдарды құтқарған оқушыға құрмет көрсетілді», — деп хабарлайды облыстық білім беру басқармасының баспасөз хатшысы Эльмира Тұңғатарова.
Мұрат Айдын облыс орталығындағы Ф.Досымова атындағы 12 орта мектептің VIII сынып оқушысы. Ол мектепке қарсы бетте орналасқан көпқабатты үйлердің бірінен өрт шығып, «құтқарыңдар» деген дауысты естіген бойда ойланбастан көмектесуге жүгірген. Төртінші қабатқа көтеріліп, құлыптаулы пәтердің есігін бұзып ашып, ішінде қою түтінге тұншыққан 8 жасар баланы аман алып шыққан.
–Пәтердің есігін ашу оңай болмады. Көршілер екі рет балға әкеліп берді. Біреуі сынып, екіншісімен әзер дегенде аштым. Ішке кірсем бала өрттің ыстық лебінен әлсіреп қалған екен. Ілезде төменге түсіріп пәтерге қайта кіріп, іште басқа адамдардың бар-жоғын тексердім. Ол кезде пәтер лаулап жанып жатты, — дейді Айдын.
Айдын төмен түсіп, 3-ші қабаттағы балконына өрт түскен пәтердің есігін қаққан. Ерлі-зайыпты қариялар болып жағдайдан бейхабар екен. Сол мезетте балконға су шашып өртті сөндіріп, қарияларды сыртқа шығарған.
Бүгін облыстық білім беру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Света Аманшиева ерлік танытқан оқушыға алғыс білдіріп, Ресей Федерациясының Железноводск қаласындағы «Қазақстан геологы» пансионатында тынығуға жолдама табыс етті. Батыл ұл тәрбиелеп отырған ата-анасын білім беру басқармасының Алғыс хатымен марапаттады.
Айдын Мұрат – белсенді оқушы, қазақтың дәстүрлі ән жанры бойынша облыстық, республикалық конкурстар мен түрлі деңгейдегі спорттық жарыстардың жүлдегері. Анасы мен ұстаздарының айтуынша, айналасына көмек жасауға ұмтылған елгезек бала.

Мәлике МӘЛІК

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button