Атырауда «өнер барыстары» анықталды
Atr.kz/3 шілде, 2019 жыл. Жуырда Нұрсая спорт кешенінде қазақ күресінен Атырау облысының «Өнер Барысы» анықталды. Бұл дүбірлі шараға өңіріміздегі өнер иелері: танымал шығармашылық тұлғалар, әншілер, асабалар, кәсіби музыканттар мен әртістер қатысты.
Қызылқоға ауданының өнерпаздары мен облыстық «Тарлан» қазақ күресі федерациясы ұйымдастырған шараға 50-ден астам қатысушы тіркелді. Олар 75 келіге дейін және ауыр салмақта өзара мықтыны анықтады.
Жарыс қазақ күресінен бекітілген ережелерге сәйкес өткізіліп, бәсекелерге облыстағы жоғары дәрежелі төрешілер бағасын берді. Жарыс қорытындысында жеңіл салмақтағы балуандар арасында Нұрғали Бекежанов үздік деп танылды. Ол ақтық сында Данияр Мухаметовпен белдесті. Бұл топта үшінші орынды мақаттық Ислам Утиев алды.
Ал, 75 келіден жоғары салмақта өнер көрсеткендердің арасында жылыойлық Қайыржан Сансызбайдың мерейі үстем болды. Ол финалда махамбеттік Руслан Сұлтановтан басым болды. Қола медаль индерлік Арман Төлегеновтің қанжығасына байланды.
Жарыс соңында үздік деп танылған Нұрғали Бекежанов пен Қайыржан Сансызбайға «Өнер Барысы» белдігі табысталды. Сондай-ақ өзге балуандар «Үздік теxника үшін», «Жеңіске деген жігер үшін», «Көрермендер көзайымы» секілді номинациялар бойынша марапатталды.
Мұратбек ЖАҢАБАЙ