ТІРШІЛІК НӘРІ

Өңіріміздегі орталықтандырылған гидрогеологиялық қызметтің ашылу тарихы сонау 50-ші жылдардан басталады. Негізгі міндеті жерасты су кеніштерін зерттеу, жерасты суының деңгейін анықтап, жер қабаттарының бүлінуін су арқылы анықтау болып табылады. 1958 жылдан бері талай қайта құруларды бастан өткізген бұл кәсіпорын партиялар тобы, кейін гидрогеологиялық экспедиция, 1993 жылы акционерлік қоғам, ал, 2008 жылдан бастап «Атыраугидрогеология» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып талай өзгерістерді бастан өткерді. Құрылғаннан бері жерасты суларын шаруашылыққа, ауыз суы ретінде пайдалануға ізденіс және барлау жұмыстары, шабындық жерлерді суландыру, оазистік көгалдандыру, техникалық және емдік сулармен қамтамасыз ету жобаларын негіздеу жұмыстарымен айналысып келеді.

Тарихта тоқырау жылдары деген атпен қалған кезеңнен кейін Геология және жер қойнауын пайдалану Комитеті еліміздегі гидрогеологиялық жұмыстарға аса көңіл бөле бастады. Алғашқы кезде Энергетика және минералды ресурстар министрлігіне қараған Комитет, қазір Индустрия және жаңа технология министрлігінің құрамына кіреді. Аталған комитеттің өңіраралық бес департаменті бар. Солардың біреуі Батыс Қазақстан геология және жер қойнауын пайдалану өңіраралық департаменті Ақтөбе қаласында орналасқан. Бұл департаменттің негізгі қызметі Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Маңғыстау және Атырау облыстарының геологиялық жұмыстарын ұйымдастыру, жер қойнауын пайдаланып, заңдылығын қадағалау болып табылады.
Геология және жер қойнауын пайдалану Комитеті осы саладағы өзекті мәселелерге жіті көңіл бөліп, мемлекеттік дәрежедегі гидрогеологиялық көптеген бағдарламаларды жүзеге асырып келеді. Мәселен, 2003 жылы осы бағдарлама аясында Атырау облысының Оңтүстік Ембі артизандық бассейнінде өздігінен атқылап тұрған 180 гидрогеологиялық ұңғылар зерттелген. Ал, 2004-2009 жылдары «Атыраугидрогеология» ЖШС артизандық бассейндегі 40 ұңғыдағы су бұрқағын тоқтатып, ұңғыларды жапты. Бұл бассейн Құлсары қаласынан 60-180 шақырым қашықтықта, оңтүстік шығысқа қарай орналасқан. Зерттеулерге сәйкес бұл жердің суының тұздылығы 2-4 грамм. Сондай-ақ Жаңасу, Бәли, Сарыбұлақ кеніштерінің су қоры белгіленіп, жерасты суларының құрамы да анықталған.
«2010 жылы Геология және жер қойнауын пайдалану Комитетінің жоспарымен осы өңірдегі өздігінен су атқылап тұрған ұңғылардың техникалық жағдайы тексеріліп, есепке алынды. Ұңғылардан минералдығы төмен жерасты сулары толассыз атқылап, жасанды көлшіктер пайда болған. Бұл жағдай жерасты суларының азаюына және оның құрамының өзгеруіне әкеліп соғары сөзсіз. Бұл бағдарлама бүгінгі күні тоқтап қалып отыр. Бірақ Батыс Қазақстан өңіраралық департаменті осы жұмыстарды одан әрі жандандыруды өзекті мәселе ретінде көтеріп, Үкіметке ұсыныс берді. Мемлекеттік «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша өңіраралық департамент жергілікті әкімшілік мекемелерімен тығыз байланыста жұмыс жасап келеді. 2006-2013 жылдары Атырау облысының 44 елді мекенін жерасты суымен қамтамасыз ету мақсатында іздестіру-барлау жұмыстары жүргізілуде. Мұндай жұмыстар 2012 жылдан бастап Маңғыстау облысының 12 елді мекені аумағында жүргізіліп жатыр» дейді кәнігі маман, геология бөлімінің бастығы Жұма Қадырғалиева сөз ретінде.
«Атыраугидрогеология» ЖШС бұл жұмыстарды Комитет ұйымдастырған тендердің жеңімпазы ретінде жүргізіп келеді. Нәтижесінде Қызылқоға ауданындағы Жантерек, Кенбай, Соркөл, Шолақсай, Қоныстану, Индер ауданындағы Кетебай елді мекендерінің айналасында ауыз суға және тұрмыстық қажеттілікке пайдалануға жарамды шағын су көздері анықталды. Қарабау, Мұқыр жерасты су кеніштерінің де су қоры белгіленген. Ал, Миялы Шығыс Тайсойған су кеніштерінің су қорлары қайта есептеліпті. Негізінде кеніштердегі су қоры 27 жыл өндіруге есептеліп, осы мерзім өткеннен кейін су қоры қайта есептеуді талап етеді екен. Бүгінгі күні Қоянды, Жаңасу, Бәли су кеніштерін қайта есептейтін уақыт келді. Бұл түбегейлі мәселені өңіраралық департамент жоспарға енгізіп, нәтижесін күтуде.
Облыс аумағында бүгінгі таңда жерасты суларына мемлекеттік мониторинг жүргізуге арналған 284 ұңғы бар. Оның 68-і Атырау қаласында орналасқан. Осы ұңғылардан жиналған мәліметтер уақтылы комитетке тапсырылып, жұмыс сапасы өңіраралық департаменттің жетекшілерімен, бас мамандарымен қадағаланып тұрады. «Бұл мәліметтерге сәйкес Атырау қаласы, жалпы облыс көлемінде бақылау ұңғыларының сандарын көбейту мәселесі көтеріліп, өңіраралық департамент алдағы жұмыс жоспарына енгізді. Бұл ұңғымалардың барлығына жер бөлінді, осындай жауапты жұмыстарды іске асыруда аталған департамент зор жұмыс жасап келеді» деп Жұма Қалауқызы тағы да өз ойын білдірді.
Біздің аймақ геологиялық құрылымына сәйкес жерасты дүмпуі көп кездеспейтін өңір болып есептеледі. Дегенмен, бүгінгі күнгі көмірсутегін өндіру көлемінің қарқын алуы салдарынан техногендік жерасты дүмпуі қауіпті зерттеуді талап ететін мәселе болып көтерілуде. Қауіптің алдын алғаннан еш ұтылмасымыз анық. Осы орайда 2007 жылы Геология және жер қойнауын пайдалану Комитетінің ұйғарымымен жерасты дүмпуінің жерасты су қабаттарындағы заңдылықтарын зерттеу арқылы болжау мақсатында қаладан 60 шақырым жерде орналасқан «Егіз» және Маңғыстауда «Беке» деген екі учаскелік нысана құрылған. Бұл нысаналар 700 метр тереңдікте жұмыс жасап, сағат сайын автоматты түрде ақпарат алып отыруға мүмкіндік береді. «Жер-ана қойнауының мүмкіндіктерін, олардың адам өміріне пайдасын анықтап, тұтынуды қамтамасыз ету де – ең өзекті мәселе. Туған топырақтың жеті қат түбінде адам ағзасына қажетті сулар да жетерлік. Мысалы, «Атырау» емдеу-сауықтыру орны минералды суды сыртқы емдік қажеттілікке пайдаланып отыр. Сол сияқты Құлсарыдан 60 шақырым жерде қоры есептеліп, зерттеліп дайын тұрған «Сарыбұлақ» деген кеніш бар. Ол жердің суы іш құрылысына өте пайдалы деп есептеледі. Зерттеу жұмыстарын әлі де жалғастыру керек. Мұндай емдік қасиеті бар сулар тағы да табылуы мүмкін» дейді бөлім басшысы.
Осындай ұтымды іс тетігін тауып отырған серіктестік комитеттің де, өңіраралық департаменттің де мамандарымен тығыз байланыста қызмет атқарып, ортақ істің нәтижелі болуына өз үлестерін қосып келеді.
«Алдағы жоспар айқын, міндет зор» дейді серіктестік мамандары. Тынымсыз еңбек өз жемісін беріп, қомақты нәтижеге қол жетеріне күмән жоқ.

Ағиба МҰСТАЖАПҚЫЗЫ.
PR

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз