Атырауда Назарбаев зияткерлік мектебі шығармашылық есеп берді
Аtr.kz/26 сәуір, 2019 жыл. Атырау қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебі «Ұлы дала мұрагерлері» шығармашылық есебін өткізді.
Шара аясында келушілерге білім алушылардың жаратылыстану және математика бағытындағы ғылымдарды игерген инновациялық жобалары ұсынылды. «Клиностат арқылы өсімдіктерді жасанды жолмен өсіру», «Пластиктерден кірпіш шығару», «Ақылды тор», «Банан қабықтары арқылы суды тазалау», «Суда ауыр металдарды анықтаудың жолдары» және «Генераторға арналған батареяны қуаттаудың тәсілі» сынды ғылыми еңбектердің таныстырылымы көрермендерді тәнті қылды. Ал соңғы жоба жуырда ғана мемлекеттік патентке ие болғаны туралы ресми куәлік алды.
Зияткерлердің ғылыми-зерттеу жәрмеңкесінде химия, физика пәндерінен түрлі лабораториялық сынақтар ұйымдастырылды. Ал, сазбалшық үйірмесінің оқушылары қыш құмыра, кәде-сыйлықтар жасаудың үлгілерінен шеберлік сынып өткізді. Сондай-ақ, көрмеде тоқыма, бейнелеу, ағаш, темір және пластикпен жұмыс жасаудың тәсілін меңгерген жеткіншектер өз білімдерін ортаға салды. Графити, бейнелеу сынды үйірмелерде балалар қосымша қабілеттерін шыңдайтыны көпті қуантты.
Шара соңы мерекелік концертке ұласты.
«Аtr — Ақпарат»