Атырауда мемлекеттік орган басшыларының әлеуметтік желілердегі тікелей эфирлері 50 мыңнан астам тұрғынды қамтыды
Atr.kz/20-ақпан. Нұрлан Ноғаев тұрғындармен кері байланыс арналары туралы айтты, — деп хабарлайды Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Атырауда облыс әкімінің халыққа есеп беру кездесуі болып жатыр. «Жайық» спорт кешенінде екі мың адамның алдында Нұрлан Ноғаев «2018 жылғы Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық даму қортындылары» туралы баяндап, биылғы жоспарларды айтты.
Аймақ басшысының айтуынша, қазір Атырау облысында мемлекеттік органдардың тұрғындармен кері байланысын орнатуға көңіл бөлініп отыр.
-2017 жылғы қыркүйекте ашылған Телеграмм қосымшасындағы «Акимат Атырауской области» чат-каналы тұрғындар арасында сұранысқа ие. Бүгінге дейін каналға 4 мыңнан астам адам тіркелген. Соңғы мониторинг пен талдау қорытындылары тұрғындардан 3500-ге жуық өтінім түскенін көрсетті,-деді Атырау облысының әкімі.
Сонымен қатар, 2018 жылдың қаңтарында «Атырау Цифрлық Қабылдау» (ACQ) мобильді қосымшасы іске қосылды. Қосымшаға 4000-нан астам адам тіркелген. Бүгінге дейін 1500-ден астам өтінім түсті.
-Мемлекеттік органдар басшылары мен аудан әкімдері әлеуметтік желілерде Атырау облыстық әкімдігінің ресми парақшасы арқылы тікелей желіге шығып, тұрғындар алдында есеп берді. Бұл тұрғындарға үйлерінен шықпай-ақ онлайн тәртіпте сұрақ қойып, жауап алуларына мүмкіндік беріп отыр, -деді Нұрлан Ноғаев.
Аймақ басшысының айтуынша, Facebook, Instagram әлеуметтік желілері арқылы ақпан айынан бастап 7 аудан әкімі мен 5 басқарма басшысы қалалық бөлімдерімен бірге тікелей байланысқа шыққан. Тікелей эфирлер екі аптада 50 мыңнан астам тұрғынды қамтып, 1000-ға жуық сұрақ түсті.