МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕ КІМДЕР БАРАДЫ?

Жаңа жылдан бастап күшіне енген заңдардың бірі – «ҚР Мемлекеттік қызмет туралы» Заңы. Заңның жаңалығы сол – ол жеке адамдарға, біліктілігіне қарай қызметтік сатымен жоғарылауына мүмкіндік береді. Яғни, маман өзінің әлеуетіне, қарым-қабілетіне қарай, қызметтік мансапқа ие бола алады. Сәйкесінше, білікті кадрлар ғана іріктелініп алынатын мемлекеттік аппараттың сапасы да артады деп күтілуде. 

 

Біріншіден, мемлекеттік қызметке бару үшін бұдан былай ниеттің ғана болуы жеткіліксіз. Ең алдымен, тілек білдірушілер жеке бас қасиетіне қарай іріктелетін болады. Екінші кезеңде үміткерлер тестілеуден, үшінші кезеңде мемлекеттік орган өкілімен әңгімелесуден өтеді. Және олар қызметін ең төменгі, яғни, базалық лауазымнан бастайтын болады.

Екіншіден, жоғары лауазымды иелену үшін бұдан былай үміткерге төменгі позицияда тәжірибесі болуы міндеттеледі.

Үшіншіден, жаңа заңға «жалпы» және «ішкі» конкурс ұғымдары енгізілді. Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің өкілі Жарқын Тілеукеновтің түсіндіруінше, жаңа заң талаптарына сәйкес, лауазымдық сатымен жоғарылау үшін де мемлекеттік қызметкерлердің арасында ішкі конкурстар өткізілетін болады. «Үміткер бірінші кезеңде анықталмайтын болса, онда ішкі конкурс мемлекеттік қызметкерлердің ғана емес, мемлекеттік органдардың арасында да жарияланады. Лайықты үміткер екінші кезеңде де анықталмаған жағдайда, министрліктің келісімімен жалпы конкурс өткізіледі» дейді тиісті министрлік өкілі Жарқын Тлеукенов «zakon.kz» сайтына берген сұхбатында.

Төртіншіден, салаға қабылданған маманды сынақ мерзімінен өткізу тәртібіне де өзгерістер енгізілді. Яғни, кандидат үш ай сынақ мерзімінен өтуге міндеттеліп қана қоймайды. Әр кандидатқа жекелеген жетекші бөлінеді. Және жетекшінің көмегімен бейімделу жоспары да жасақталады. Бұл жаңалық оң-солын тани қоймаған жас мамандар үшін үлкен қолдау тетігі болары сөзсіз.

Бесіншіден, жұмысқа қабылданғанға дейінгі сынақ кезеңдерінен сәтті өткен кандидатқа сертификат беріледі. Сертификат кандидаттың мемлекеттік органдарда жарияланған кез келген конкурсқа кедергісіз қатысуына жол ашатын «сиқырлы билет» рөлін атқарады деуге толық негіз бар.

Осы жерде айта кеткен жөн, өткен жылдың 31 желтоқсанына дейін алынған сертификаттар бір жылға дейін жарамдылығын жоймайды. Ал, мемлекеттік қызметке өткісі келетіндер Электронды үкімет порталы немесе Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы тіркеліп, сынақ тапсыра алады.

Жаңа заңда өзгерістер де, толықтырулар да жетерлік. Біз кандидат үшін ең басты деген жаңалықтарына ғана тоқталып отырмыз. Ең бастысы, жаңа заң – кәсіби мемлекеттік аппарат құруды және салада ашықтықтың, жариялылықтың болуын қамтамасыз етуді көздеп отыр. 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз