ИГЕРІЛМЕГЕН ЖЕР ТЕЛІМІ

кері  қайтарылып,  аукционда  сатылады

«Қазақстан Республикасы мемлекеттік басқару жүйесінің реформасы туралы» және «Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттіктердің аражігін ажырату жөніндегі шаралар туралы» Елбасының өткен жылғы тамыз айындағы Жарлықтары негізінде, Жер ресурстарын басқару Агенттігі таратылуына және оның негізгі функцияларының жергілікті атқарушы органға берілуіне байланысты, облыс әкімдігінің үстіміздегі жылғы 16 қаңтардағы қаулысымен «Атырау облысы Жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы» мемлекеттік мекемесі құрылған болатын. Жаңадан құрылған бұл басқарманың алдында қандай негізгі талаптар мен басты міндеттер тұр? Меншік иелерінен және жер пайдаланушылардан жер телімін мәжбүрлеп алып қою проблемалары төңірегіндегі мәселелерді шешуде жаңа құрылымның рөлі мен орны қандай болмақ? Осы және басқа да оқырмандарды толғандырып жүрген сауалдар төңірегінде кеңірек әңгімелеу үшін біздің тілшіміз аталмыш басқарманың басшысы Ғибрат Сүлейменов мырзаға жолығып, сұхбаттасқан болатын.

Сұрақ:Ғибрат Еркінұлы, Сіз соңғы жеті-сегіз жылдан бері бұрын өңіраралық, кейін аумақтық жер инспекциясын басқардыңыз. Жаңа жылдан бастап облыстағы жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылауды қамтамасыз ететін жаңа құрылымның тізгінін ұстадыңыз. Бұрынғы жер инспекциясы мен бүгінгі басқарма арасындағы басты айырмашылық неде?

 Жауап: Облыс басшысы осы уақытқа дейінгі ұзақ жылғы жұмыс тәжірибемді ескерген болуы керек, маған үлкен сенім артып, жаңа басқарманың басшысы лауазымына тағайындады. Сол көрсетілген сенімді ақтауға жұмыстанамыз.

Бұрынғы Атырау облысы бойынша аумақтық жер инспекциясымен салыстырғанда, тек Қазақстан Республикасы Жер кодексіне жаңадан енгізілген өзгерістерге байланысты болмашы өзгерістерден басқа өзгерістер жоқ десе де болады. Негізінен жаңа басқарма бұрынғы инспекцияның барлық атқарған функциялары мен міндеттерін жүзеге асырады. Басқарманың құзыретінен заң бұзушыларға көзделген заңнамалық шараларды қолдана отырып, жергiлiктi атқарушы органдардың Қазақстан Республикасының жер заңнамасы саласындағы қабылдаған шешiмдерiнiң заңдылығына мемлекеттік бақылау жүргізу функциясы алынып, ол орталық уәкілеттік органның құзыретіне берілген.

Басқарманың құрылтайшы органы «Атырау облысы әкімі аппараты» мемлекеттік мекемесі болғандықтан, басқарманың қызметін қаржыландыру облыстық бюджет арқылы жүзеге асырылады. Әрине, жаңадан құрылған бұл органға Елбасы да, облыс әкімі де көптеген маңызды талаптар және міндеттер қойып отыр, оларды орындауға басқарма ұжымы барлық күш-жігерін салып, жүзеге асыруға тырысады.

Негізгі талаптар мынадай: мемлекеттiк органдардың, жеке, заңды тұлғалардың және лауазымды адамдардың жер заңдарының сақталуын бақылауды, олардың бұзылуын анықтауды және жоюды, азаматтар мен заңды тұлғалардың бұзылған құқықтарын қалпына келтiрудi, жер учаскелерiн пайдалану ережелерiнiң сақталуын, жер кадастры мен жерге орналастыру iсiнiң дұрыс жүргiзiлуiн және жердi ұтымды пайдалану мен қорғау жөнiндегi iс-шаралардың орындалуын қамтамасыз етуге мемлекеттік бақылау жүргізу.

Сұрақ: Басқарманың құрылымына, негізгі функциялары мен атқаратын міндеттеріне қысқаша тоқтала кетсеңіз.

Жауап: Басқарма өз алдына үш бөлімнен тұрады, жерді пайдалану саласында бақылау жүргізу, құқықтық қамтамасыз ету және ұйымдастыру-қаржы бөлімдері. Штаттық кестеге сәйкес бізде 11 бірлік қызметкер көзделген. Бұдан бөлек, үш бірлік аудандарда қарастырылуда, олар Жылыой және Қызылқоға аудандарында, Индер және Махамбет аудандарында, Құрманғазы және Исатай аудандарында шоғырлануы тиіс.

Орналасқан жеріміз өзгеріссіз: Атырау қаласы, Азаттық даңғылы, 96 б  ғимарат, тел.: 45-15-04, 05, 07.

Басқарманың жер заңнамасымен жүктелген негізгі миссиясы Атырау облысының аумағында қоршаған ортаның бiр бөлiгi ретiнде жердi қорғауға, оны ұтымды пайдалануға, жердi ауыл шаруашылығы мен орман шаруашылығы айналымынан негiзсiз алып қоюды болдырмауға, сондай-ақ топырақтың құнарлылығын қалпына келтiру мен арттыруға бағытталған құқықтық, ұйымдық, экономикалық, технологиялық және басқа да iс-шаралар жүйесiнен тұрады.

Жердiң пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау жөнiндегi уәкiлеттi орган, яғни басқарманың негізгі функциялары Жер кодексінің 148-бабында бекітілгеніндей, мемлекеттiк органдардың, кәсiпорындардың, мекемелердiң, ұйымдар мен азаматтардың Қазақстан Республикасының жер заңнамасын, жер учаскелерiн нысаналы мақсатына сәйкес пайдаланудың белгiленген режимiн сақтауына; жер учаскелерiн өз бетiнше иеленiп алуға жол бермеуге; жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың құқықтарының сақталуына; жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың топырақтың құнарлылығын қалпына келтiру және сақтау жөнiндегi ұйымдастыру-шаруашылық, агротехникалық, орман мелиорациялық және эрозияға қарсы гидротехникалық iс-шаралар кешенiн уақытылы және дұрыс жүргiзуiне жауапты болып есептеледі. Сонымен қатар жаңа құрылымның құзыретіне жердiң жай-күйiне әсер ететiн тұрғын жай және өндiрiстiк объектiлердiң жобалануына, орналастырылуы мен салынуы, жердi жақсарту жөнiндегi, топырақ эрозиясының, тұздану, батпақтану, су басу, шөлейттену, құрғақтану, тығыздалу, қоқыстану, ластану және жердiң тозуын туғызатын басқа да процестердiң салдарын болғызбау мен жою жөнiндегi iс-шаралардың уақытылы және сапалы орындалуы; азаматтардың өздерiне жер учаскелерiн беру туралы өтініштерін (өтiнiш хаттарын) қараудың белгiленген мерзiмдерiнiң сақталуы, тағы да басқа мемлекеттік бақылауларды ұйымдастырып, жүргізу міндеттері қойылып отыр.

Сұрақ: Өзіңізге мәлім, оқырмандар және Атырау өңірі тұрғындарының жиі қоятын сауалдары – игерілмеген жер учаскелерін кері қайтару және оларды қайтарған жағдайда жердің тағдыры қандай болады?

Жауап: Шынында да, сұрағыңыз басқармаға қойылып отырған негізгі басымдылық бағыттардың бірі және халықтың жиі-жиі көтеретін мәселесі. Жер ресурстары еліміздің ауылшаруашылық өнімдерін өндіруде, инвестиция тартуда және экономиканың барлық саласын қамтитын негізгі фактор болып табылатындықтан, соңғы үш жыл ішінде Елбасымен жер ресурстарын тиімді пайдалануға үлкен мән беріліп, қатаң бақылауға алынып отыр.

Алдыңғы жылдары облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, аумақтық жер инспекциясымен осы бағытта үлкен жұмыстар атқарылып, облыс және қала аумағында 5,5 мыңнан астам жер учаскесіне рейдтік тексерулер жүргізілді. Нәтижесінде, заңмен көзделген мерзімде игерілмеген 1870 жер учаскелерінің иелеріне бір жыл мерзімге жазбаша ескертулер берілді. Үш жылда жалпы көлемі 700 гектар жер телімі мемлекет қорына қайтарылды.

 Бүгінде еліміздің Жер кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес, игерілмеген жер учаскелерін мәжбүрлеп алып қою тәртібіне көптеген өзгерістер енгізіліп, әрбір алынатын жерлер санаттарға бөлініп, оларды игеруге нақты мерзімдер көрсетілген. Соның ішінде, құрылыс үшін табысталған жерлерге үш жыл мерзім, тұрғын үйге екі жыл мерзім көзделген. Бұл жерде, тұрғын үй құрылысына берілген жер учаскесіне коммуналдық инфрақұрылымдар тартылмаған жағдайда, ондай мерзім созылып есептеледі.

 Сұрақ: Ғибрат Еркінұлы, осы мәселе оқырмандарды да аз толғантпайды ғой, кеңірек әңгімелесеңіз дұрыс болар еді.

 Жауап:Жер кодексінің 92-бабы бойынша, егер құрылысқа арналған жер учаскесi оны беру туралы шешім қабылданған күннен бастап үш жыл (егер жобалау-сметалық құжаттамада анағұрлым ұзақ мерзім көзделмесе) ішінде мақсаты бойынша пайдаланылмаған жағдайда, онда Қазақстан Республикасы азаматтарының жеке тұрғын үй құрылысына арналған жеке меншігіндегі жер учаскесін қоспағанда, мұндай жер учаскесi осы Кодекстiң 94-бабында көзделген тәртiппен мәжбүрлеп алып қоюға жатады. Ал, егер жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер учаскесі дайын емес алаңдарда жер пайдалану құқығында берілген жағдайларда, мұндай жер учаскесін игеру мерзімі оны тиісті инженерлік (коммуналдық) инфрақұрылыммен қамтамасыз еткен кезден бастап есептеледі. Сондай-ақ, аталған бапта егер ауыл шаруашылығы өндiрiсiн, оның ішінде, шаруа немесе фермер қожалығын жүргізуге арналған жер учаскесі пайдаланбау фактісі алғаш рет анықталған кезден бастап бесжылдық кезеңде, жалпы алғанда екі жыл мақсаты бойынша пайдаланылмаған жағдайларда, мұндай жер учаскесi осы Кодекстiң 94-бабында көзделген тәртiппен мәжбүрлеп алып қоюға жатады. Бұл жерде, заңның көптеген нормалары қарапайым халыққа тұрғын үй тұрғызуға жағдай жасап, игеру мерзіміне инфрақұрылымы жүргізілмеген жерлерді кірістірмеген.

Сұрақ: Енді жер учаскесін табыстау тәртібінде қандай өзгерістер болғанын айтып берсеңіз.

Жауап:Шын мәнінде, бұл сұраққа ерекше тоқталу керек, себебі ҚР Жер кодексімен мемлекет меншігіндегі жерді табыстау рәсімін және тәртібін реттейтін нормаларына күрделі және маңызды өзгерістер енгізілген. Ол өзгерістер жер учаскелерін табыстауды барынша ашық және әділетті жүргізуге, бұрынғы тәртіппен салыстырғанда, табыстау барысының мерзімі қысқаруын көздеп отыр. Сонымен қатар  енді табысталатын жер учаскелері тек белгіленген тәртіппен сауда-саттықта яғни, конкурстарда, аукциондарда сатылады. Аукционға барлық ниет танытқан адамдар қатысып, жер учаскесін сатып алуларына болады.

Бұдан басқа, қала төңірегінен берілетін жер учаскелеріне қатысты жерге орналастыру жобалары жасақталмайды, барлық жер учаскелерін рәсімдеу электрондық ВЕБ-портал және барлық құжат айналымы халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы жүргізіледі. Жер құжаттары енді тұрақты жер комиссиясымен қаралмайды.

Қысқаша айтқанда, осындай жер учаскелерін табыстау тәртібіне бір жағынан күрделі және екінші жағынан халыққа рәсімдеуге оңай өзгерістер енгізілген.

Айта кететін жайт, қазіргі уақытта біздің басқармамен және басқа да мүдделі органдармен, арнайы мекемелермен (облыстық жер қатынастары, сәулет, ЖерҒӨ орталығы) талқыланып, Жер кодексіне енгізілген өзгерістерді барлық мемлекеттік органдармен бірыңғай қолдану жолдары қарастырылуда.

Сұрақ: Өзіңізге белгілі, қазіргі уақытта жер қатынастары саласында көптеген даулар туындап, оларды шешу үшін адамдар сот органдарына жүгінеді, осы бағытта қандай жұмыстар жүргізілуде?

Жауап: Өкінішке орай, айтып отырғаныңыздың барлығы шындық. Соңғы үш жыл ішінде инспекцияға жер дауымен шамамен бір жарым мыңдай арыз-шағым түсті. Олар бойынша құзырлы органдармен бірлескен тексеру амалдары жүргізілді, кейбіреулеріне тікелей сотқа жүгіну туралы заң талаптары түсіндірілді.

Негізінен жер дауларының туындайтын себептерінің бірі, ол табысталған жер учаскелерінің нақты шекараларын бекіту барысында орын алып, дер кезінде кемшіліктер жойылмауы салдарынан болады, яғни айтқанда, техникалық қателер жіберіледі. Әсіресе, мұндай жайттар 2008 жылға дейін табысталған жер учаскелерінде көптеп орын алады. Қазір бүкіл табысталған жер учаскелері мемлекеттік жер кадастры автоматтандырылған жүйеге енгізіліп, ол жерлер нақты шекараларына ие болады. Жер кодексіне соңғы енгізілген өзгерістер осындай олқылықтарды жоққа шығаруға бағытталған.

Осы негізде, барлық жер даулары мәселелерін қарау енді Атырау облысы Жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы құзырында болатындықтан, азаматтардың бізге келіп жолығуларына мүмкіндіктерінің бар екендігін қаперлегім келеді.

– Әңгімеңізге рахмет. Жаңа басқарманың қызметіне сәттіліктер мен табыстар тілейміз.

Сұхбаттасқан

Бақытжан ЖҰМАТ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз