Жарнама
Жаңалықтар

Атырауда «Мамандығым – болашағым» атты стратегиялық форсайт-сессия басталды

Бүгін С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде «Мамандығым – болашағым» тақырыбындағы форсайт-сессия өз жұмысын бастады. Екі күнге жоспарланған бұл іс-шараның мақсаты – Қазақстанның мұнай-газ саласына арналған болашақ мамандықтарды анықтап, жаңа кәсіби құзыреттерді дамыту.

c14d8761 b89b 494d adc6 a6b677e1ca01

Университеттің қазіргі стратегиясы БҰҰ мен ЮНЕСКО-ның Тұрақты даму мақсаттарына негізделіп, заманауи және трансформациялық білім беру бағдарламаларын дамытуға бағытталған.

Аталған университет 2019 жылдың желтоқсан айынан бері елімізде «Жаңа мамандықтар мен құзыреттер атласы» жобасын әзірлеуге белсенді түрде қатысып келеді. Бұл бастама өңірлік және халықаралық тәжірибелерді қамтитын «Skills Technology Foresight» әдісіне негізделген. Жобаның басты мақсаты – өңірдегі кадрлық қажеттіліктерді болжау, жаңа кәсіби құзыреттерді айқындау және заманауи білім беру бағдарламаларын әзірлеу.

Форсайт-сессияның алғашқы күнінде сөз сөйлеген спикерлердің арасында “БУТАДИЕН” ЖШС-нің персоналды басқару басқармасының бизнеске қолдау көрсету қызметінің басшысы Алтынай Айтпембетова да болды. Ол университетпен ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа тоқталып, өз пікірін ортаға салды.

– Мен осы университеттің түлегімін. Сондықтан оқу орны маған өте жақын. Біз олардың барлық жаңашылдықтарын қолдап, сұраныстарына мүмкіндігінше жауап қатуға тырысамыз. Форсайт-сессия – болашақ Қазақстан үшін маңызды жоба. Бұл жобада біздің балаларымыз, келешек ұрпақ қамтылады. Біз қазір осы атласты дұрыс құру үшін қандай әрекеттер жасасақ, болашақта оның нәтижесі соған байланысты болады. Бизнес үшін форсайт-сессия үлкен мүмкіндіктер ашады, – деді А.Айтпембетова.

Сонымен қатар, спикер мұнай-газ-химия саласындағы кадр тапшылығы туралы алаңдаушылығын білдірді.

– Қазір мұнай-газ-химия саласындағы бизнес кадрлардың жеткіліксіздігі қаупіне ие. Себебі Батыс аймақта бір мезгілде көптеген мұнай-газ-химиялық жобалар ашылуда. Сондықтан осы шарадан үлкен көлемдегі білім, идеялар мен нақты шешімдер алғымыз келеді, — деді ол.

Форсайт-сессияның алғашқы күні стратегиялық талқылаулармен сәтті басталды. Қатысушылар аймақтағы білім беру жүйесін заман талабына сай бейімдеу, жаңа бағдарламаларды жетілдіру жолдарын қарастыру бағытында белсенді жұмыс істеді. Бұл – ел болашағы үшін маңызды қадам, әрі кадрлық әлеуетті арттырудың сенімді жолы.

Жайна МӘЛІМҚОЖА
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button