Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Атырауда «Ұлы даланың көне сарындары» фестивалі өтті

Atr.kz/19 мамыр, 2019 жыл. Құрманғазы атындағы мəдениет үйінде «Ұлы даланың көне сарындары» фестивалі болып өтті.

   Шара шымылдығын ашқан Атырау қаласы əкімінің орынбасары Ұлықбек Тналиев аталған фестивальдің қазақ өнерін насихаттаудағы ерекше маңыздылығын атап өтті.
   — Мақсат — жыр, терме, əн-күй секілді дəстүрлі музыка өнерін кеңінен насихаттап, өскелең ұрпақты ұлттық рухта тəрбиелеуге үлес қосу. Биылғы «Nur Otan»  партиясының 20 жылдығын атап өту аясында өтіп жатқан шара ұлттық құндылықтарды дəріптеуге бағытталған игі істердің жалғасы, — деді Ұлықбек Серікұлы.
    Дəстүрлі əн өнерінің дүлдүлдерінің концертін жергілікті этно-фольклорлық «SARMAD» ансамблі «Көшпенділер рухы» əуенімен ашты.
     Ал, кештің тізгінін қолға алған атағы Алаштан асқан мəшһүр жырау, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алмас Алматов:
    — Көне Түркі ескерткіштерінен, Қорқыт пен Асанқайғыдан бастап, Шалкиіз бен Қазтуған , Ақтамбердіге дейін жалғасып, ақыр аяғында Махамбет пен Сүйінбайға келіп тірелетін  жыраулардың отты жырлары өткен тарихымыздың рухты сарынына толы. Сол сарынның бүгінгі жалғасы ретінде өзімнің жыр-бастауымды орындауға рұқсат етіңіздер, — деді.
     Сондай-ақ, Шолпан Дəржанова, Ерлан Рысқали, Гүлмира Сарина секілді əншілер концерттің көркін қыздырды. Залға жиналған қауым Жəкен Омаровты үлкен қошеметпен қарсылады. Өз кезегінде, өнерпаз «Ата-ананың қадірі» мен «Атыраудағы аққұрдастарым» əнін асқан шеберлікпен орындап, көрерменнің ерекше ілтипатына бөленді.
    Ал, талантты жастың бірі — Манарбек Дəулетов «Əрі де бері толғайын» əнін толғай келіп:
     — Фестивальдің мақсаты — ұлттық өнерді насихаттау. Сол себепті бүгінгі өнер тарландарының өнері болашағымызға, яғни келер ұрпақтың тəрбиесіне қосқан үлесіміз деп білемін, — деп лебізін білдірді.
     Бұдан басқа сахна төрінде өнер көрсеткен Батыржан Мықтыбаев, Құттыгерей Дүйсеев, Қайрат Кəкімов, Ақнар Шəріпбаева, Шəрипа Жəменова, Жəнібек Жəмиев сынды өнерпаздар да домбырамен əн-күй тартып, қобыздың үнін күңірентіп, сазсырнайдың сазын салып, халықты екі сағат бойына əн құшағында тербеді.
    Жалпы, əн фестиваліне жиналған қала тұрғындарының қарасы қалың болды. Қазақтың төл туындылары мен ұлттық аспаптарының əуеніне құлақтарының құрышын қандырып бір серпіліп қалды.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button