Төрт ай бойы үйіне бармай коронавируспен күрескен атыраулық мейірбике қазіргі жағдайы туралы айтты (+ ВИДЕО)
Atr.kz/27 тамыз, 2020 жыл. Атырауда коронавирус індетін жұқтырған медициналық қызметкерлерге үстемеақы төлеу басталды.
«Төрт ай бойына үйіне бармастан, әр адамның өмірі үшін бел жазбай күрескен Аққаным Садығұлова қызмет барысында коронавирус жұқтырып алған медициналық қызметкерлер қатарында» деп хабарлайды Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз-қызметі.
Атырау облыстық №2 ауруханасының жансақтау бөлімінде мейірбике болып жұмыс істейтін Аққаным Садығұлова қауіпті инфекция өзінен анықталған уақытта бастапқыда абдырап қалғанын айтты.
«Шыны керек, уайымдадым. Бастапқыда қиын болды. Отбасым да уайымға салынды. Бірақ, өзім таңдаған мамандық осы. Оның үстіне, қазіргі жағдайда медицина мамандарына артылған жүк ауыр. Бастысы, ауруханада сәтті емделіп шықтым. Кейін өзімді оқшаулап, карантинде болдым» дейді Аққаным Садығұлова.
Тамыз айының бірінен бастап жұмысқа қайта қосылған мейірбике Аққаным Садығұловаға жақында 2 миллион теңге көлемінде өтемақы төленді.
«Бұған қоса жалақымызға ай сайын 850 мың теңге қосымша ақы төленіп отыр. Бастысы, бірлескен күресте вирусты жеңіп келеміз. Біз біргеміз» дейді Атырау облыстық №2 ауруханасының жансақтау бөлімінің мейірбикесі Аққаным Садығұлова.
Бұған дейін хабарланғанындай, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігінің бірлескен бұйрығына сәйкес жүргізілген эпидемиологиялық тексеру нәтижесінде, Атырау облысында короновирус инфекциясы мен вирустық пневмония жұқтырған 650 медицина қызметкері анықталды.
Бүгінде короновирус індетімен күресте қызмет етіп жатқан медицина қызметкерлеріне үстемақы мен өтемақыны төлеу комиссиясы тұрақты жұмыс істеуде. Алдағы уақытта да, жұмыс барысында ауру жұқтырған мамандар тіркелген жағдайда, комиссия кеңесінде талқыланып, тіркелетін болады.