Жарнама
Жаңалықтар

Атырауда көктемгі су тасқынына дайындық пысықталды

Облыста тасқын және еріген сулар басуы ықтимал 51 елді мекен бар. Осыған орай төтеншеліктер алдын алу жұмыстарын күшейтіп, қауіпті аймақтарды бақылауға алды. Аймақтағы су тасқынына қарсы іс-шараларға 12 тонна жанар май, 27 мыңнан астам қапшық, 10 дана шатыр және 5 мыңнан астам төсек жабдықтарының қоры әзірленіп отыр.

Қала шетіндегі бау-бақша ұжымдары орналасқан аумақтағы су деңгейі де бақылауда. Жеке сектордағы тұрғын үйлерге келетін қызыл судың жолын бөгеуге 485 тонна құм, саз, қиыршық тас дайындалды.  

-Көктемгі су тасқынын алдын алу мақсатында биыл қаңтар айында облыс әкімдігімен дайындық жұмыстары бойынша жоспар бекітілген болатын. Қызылқоға ауданында Ойыл және Сағыз су тасқынын барлау мақсатында аэровизуальды тексеріс жұмыстары жүргізілді. Қазір жағдай тұрақты. Техника қала мен аудандарда жеткілікті. Тиісті жұмыстар атқарылып жатыр, — деді облыстық ТЖД төтенше жағдайдың алдын алу бөлімінің басшысы А.Ғафиз.

Су тасқыны қаупінің алдын алу мен жою мақсатында кешенді Жол картасы әзірленіп, нәтижесінде 15 елді мекенде қауіп сейілді. Қазіргі таңда су басуы ықтимал деген 36 аумақ анықталған.

 -Атырау облысы аумағында 2023 жылғы су тасқыны маусымын қауіпсіз өткізу үшін қала мен аудандық жергілікті атқарушы органдардың дайындығына тексеріс жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде қала, аудан әкімдіктеріне көктемгі су тасқыны маусымына қажетті құрал-саймандар жеткілікті дәрежеде және мотопомпалардың жарамды күйде екендігі анықталды,- деді облыстық Жұмылдыру даярлығы және азаматтық қорғау  басқармасының бас маманы Мейрамбек Таиров.

Айта кетейік, қазір облыс аумағында су тасқыны жағдайының алдын алуға 1153 адам, 303 бірлік техника, 16 бірлік жүзу құралдары мен 107 бірлік мотопомпалар дайын. Сондай-ақ, халықты эвакуациялау жағдайына байланысты облыс аумағында орналасқан 109 қабылдау пункттерінің жағдайы тексеріліп, эвакуациялау маршруттары мен автокөліктер дайындығы пысықталған.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button