Атырауда интеграцияланған газ-химия кешені салынуда
Atr.kz/4 наурыз, 2020 жыл. Атырауда салынып жатқан интеграцияланған газ-химия кешені ерекше жоба болғалы тұр. Мұнда осы заманның озық технологиялары қолданылады. Әлемдік деңгейдегі компаниялардың тәжірибелері өндіріске енеді.
Сөйтіп, өзіндік құны жоғары, сапалы өнім шығаратын кәсіпорын қазақстандық мамандардың білімі мен біліктілігін көрсетуге кең жол ашады. Н.Балғымбаев атындағы даму және коммуникациялар орталығында өткен «Газ мұнай-химия саласының мамандары» тақырыбындағы «дөңгелек үстелде» кадр дайындау, біліктілікті арттыру шаралары көбірек айтылды. Атыраудағы ауқымды жобада жас мамандарға зор сенім артылуда
Сындарлы сәттегі серпін
Былтыр ел тарихында алғаш рет Атырауда ірі габаритті сплиттер жасалды. Бұл үшін өндірістік желі өзгертіліп, жаңа технологиялар қолданылды. Дайын өнімді құрылыс алаңына жеткізу сәтті орындалды. Пропан мен пропиленді тазарту мақсатында қолданылатын бағананың салмағы 1200 тоннаны, ұзындығы 105, диаметрі 11 метрді құрайды. «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасының өңдеу және маркетинг жөніндегі орынбасары, «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» ЖШС басқарма төрағасы Данияр Тиесовтің айтуынша, жүкті тасымалдау, орналастыру жұмыстары жоспарлы түрде жүзеге асты.
– «Sarens» көлік компаниясы сплиттерді «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағының аумағына сәтті жеткізді. Бағананы жеткізуге қатысушылар оған жұмсалған үш күнді ең жауапты кезең болды, — деді ол.
Аса ауыр жүкті көтерген 3200 тонналық гидравликалық порталды кранды бас мердігер CNCEC компаниясы жеткізген еді. Жобалаудағы дәлдік, жұмыстардың жоспарлы жүруі ірі габаритті қондырғыны орналастыруда қиындық келтірмеді. Істің мән-жайын білетіндер «бұл – мамандардың білімі мен біліктілігінің көрсеткіші» деген пікірде.
Әлиханның болашағы алда
Ауқымды жобаны жүзеге асыруда қазақстандық кадрларға үлкен жауапкершілік артылуда. Сондықтан, КРІ компаниясы мамандарды оқытып-тоқытуды бүгінгі күннің міндеті санайды. Осы мақсатта технологтар Өзбекстанның «Шуртан ГХК» өндіріс орнында өндірістік тағылымдамадан өтіп келді. Инженерлік-техникалық құрамы Ресейдің Омск қаласындағы «Полиом» полипропилен өндіру зауытында тәжірибе шыңдады. Уфа мемлекеттік мұнай техникалық университетінде және Омбы өнеркәсіптікэкономикалық колледжінде оқып келгендер бар.
– Қызметкерлер Атырау мұнай өңдеу зауытында тәжірибеден өтуде. Мамандардың тағылымдамасы елімізден өзге, Ресей, Өзбекстан, Румыниядағы кәсіпорындарда, сондайақ, «Lummus Catofin» және «Novolen process» технологиясы бойынша шетелдік зауыттарда жалғастырылатын болады. КРІ-дің барлық қызметкері өндірістік қауіпсіздік және еңбекті қорғау курстарынан тұрақты өтеді, — деді «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» ЖШС басқарма төрағасы.
Т е х н о л о г м а м а н д ы ғ ы н меңгерген Әлихан Ізімов – болашағынан үміт күттірген маманның бірі. Ол Өзбекстанды өндірістік тағылымдамадан өтіп, мамандығының қыр-сырын ұғынып келді. Қазір Атырау мұнай өңдеу зауытында еңбек етуде. Оның айтуынша, өндіріс орнында жас кадрларға үлкен қолдау жасалады.
– Өзбекстандағы «Шуртан ГХК» зауытында өткізген тағылымдама бізге ерекше әсер етті. Өндірістік желі, өнім өндіру үрдістері туралы таным-түйсігіміз кеңейді. Мұның жұмысымызға пайдасы тиеді деп сенеміз, — деді жас маман.
Қазақстандық қамту – басты назарда
Алып құрылыс алаңында қызу жұмыс жүруде. Металл құрылымдары аса дәлдікпен құрастырылып жатыр. Жер асты коммуникациялары тартылып, резервуарлар орналастырылып, сэндвич-панельдер монтаждалуда. Еліміздің бірнеше қаласынан, сондай-ақ, шетелден жабдықтар жеткізуде кідіріс жоқ. Жоба жетекшілері «қазақстандық қамтуға» маңыз берілгеніне ерекше тоқталуда. Отандық кәсіпорындарға негізгі және қосалқы жабдықтарды дайындау
тапсырылыпты. Материалдардың басым бөлігін өзіміздің зауыттар, коммерциялық ұйымдар жеткізуде.
Барлық жоспарлы іс-шара жүзеге асып, уақытында орындалса, өндірісті келесі жылдың тамыз айында іске қосуға ештеңе кедергі болмайды. Кешен жұмысының басталуы кәсіпкерлікке де даңғыл жол ашқалы тұр. Өйткені, мұнда ерекше сұранысқа ие тоңазытқыш, желдеткіш секілді дүниелерді шығаруға болады.
Сонымен қатар, полиэтилен, полипропилен өндірісінде өмірге қажетті бұйымдарды өндіруге маңыз беріледі. Данияр Тиесов «Қазақстанның газ мұнай-химиялық саласына химик-технологтарды дайындау үшін оқу орталығын құру қажет» деген ұсынысын айтып отыр. «Полипропилен өндірісі және оқу бағдарламаларына «Полимерлеу үрдісінің теориялық негіздері», «Мұнайхимиялық синтез технологиясы», «Полимерлер өндірісінің технологиясы» секілді пәндерді енгізу үшін мұнайхимиктерді мақсатты түрде дайындау қажет» деді басқарма жетекшісі.
– Өзбекстандағы газ-химия кешенінде қазақстандық мамандар тағылымдамадан өтті. Олардың өндірістік желімен, кәсіпорынның қызметімен жетік танысуына барлық мүмкіндік жасалды. Сондағы алған тәжірибелерін Атыраудағы өндіріс орнында жүзеге асыратынына үмітіміз зор, — деді «Шуртан ГХК» (Өзбекстан) газ-химия кешенінің бас технологы Хужамберди Тошбоев.
Бүгінде мұнайлы өңірде салынып жатқан интеграцияланған газ-химия кешеніне қабылданған техниктердің түгелге дерлігі – өрімдей жастар. Олардың 46-сы – қазақстандық және шетелдік оқу орындарының түлектері.
Азамат БАЗАРБАЕВ