Атырауда «Халел Досмұхамедов мұрасы және қазіргі қазақ қоғамы» атты республикалық конференция өтті
Көрнекті ғалым, қоғам және мемлекет қайраткері, ағартушы, педагог, дәрігер, профессор Халел Досмұхамедовтың туғанына 140 жыл толуына арналған «Халел Досмұхамедов мұрасы және қазіргі қазақ қоғамы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Алаштың ардақ тұтар қайраткеріне арналған конференцияда оның еңбегін зерттеп жүрген Қырғыз Республикасы және еліміздің танымал профессор, ғалымдары бас қосты. Тағылымды шара қонақтары алдымен «Тұлғалар аллеясы» алаңындағы Халел Досмұхамедов бюстіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті. Конференцияның ашылуында облыс әкімі Серік Шәпкеновтің арнайы құттықтауын облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлнұр Сүйеуова жеткізді.
– Сан ғасырлық тарихымыздың ең жарқын беттерінің бірі – Алаш қозғалысы. Ол қазақ баласының даму жолын жаңа арнаға бұрып, ұлт ретінде дербес өмір сүруге, өзгелермен терезесі тең халық ретінде күн кешуге болатындығына әлеуметті сендіре отырып жаңа жол көрсетті. Алаш қайраткерлері қазақтың рухани дүниесін байытатын мәдени, әдеби құбылыстардың қай-қайсысына болса да баға беруге тырысып, өз заманында қалың көпшілікке таныстырып отырды. Осындай ұлт үшін рухани мұраны насихаттаған үлкен шоғырды өз тарихымызда ең алдымен алашшылар арасынан табамыз. Алаш қозғалысы – тек белгілі бір кезеңді қамтыған саяси, тарихи, қоғамдық құбылыс емес, тұтас ұлттық өрлеуді туғызған орасан құбылыс. Ұлттық сананың оянуымен ерекшеленген, Алаш ұранын көтеріп, исі қазақ баласын азаттыққа бастаған қазақ елінің тәуелсіздігін өз өмірінің басты мақсаты мен мәні еткен Алаштың арысы Халел Досмұхамедовтың өмірі қазіргі ұрпаққа өнеге! — деді ол.
Шарада ғалымның ағарту ісіне қосқан айтулы еңбегімен қатар, ғылыми мұрасы, әдеби-тарихи мұраларды жинақтауға қосқан үлесі, медициналық терминологияны қалыптастырудағы ерекше орны туралы жан-жақты айтылды. Конференция қатысушылары Халелдің есімін ұмыт қалдырмай, оны ұрпақтар жадында жаңғырту мақсатында ой-пікірін ортаға салып, ұсыныс-тілектерін білдірді. Ғалымның мұрасын ұзақ жыл зерттеген «Арыс» қорының президенті, профессор Ғарифолла Әнес оның есімі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мыңдаған құпия құжаттарында жиі кездесетінін атап айтты. «Сол жылдары Алаштың арыстай азаматтарын топтап-топтап санаулы істерге ғана топтастырып жазалап отырған. Мысалы, мың адамды бір қылмыстық іске, бес жүз адамды бір қылмыстық іске жиыстырып, ату жазасына кескен» деді ол. Танымал жазушы сонымен қатар, осы тақырыптағы бірқатар жағымды жаңалығын да жасырып қалмады. Оның айтуынша, қазір ғалымның еңбектері түрік тіліне аударылып жатыр және Атырау университетінен тұлғаға арналған энциклопедия әзірленуде.
Ал, Алматыдағы Х.Досмұхамедов пен С.Асфендияров көрші тұрған Төле би көшесі, 29 үйден оған арнап музей ашылмақшы. Туған жері – Қызылқоға ауданының Миялы селосында бой көтерген ескерткіш секілді Астана, Алматы мен Атырауда да Халелдің зәулім бейнесі керектігін ашық айтты. Сондай-ақ, былтыр ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде атап өтілгенін айта отырып, Х.Досмұхамедовтың он жылдан кейін атап өтілуі тиіс 150 жылдығын да халықаралық деңгейде өткізуге осы бастан қамдану керектігі жөнінде ұсыныс тастады. Бүгінгі ұрпақ Халелдің қажырлы қоғам қайраткері ғана емес, білікті дәрігер болғанын да жақсы білуі тиіс. Өйткені, ол халық сүзектен, суық тию, мерез, оба, тырысқақ, қарасан, қызылша, безгек, туберкулез, т.б. аурулардан жаппай қырылып жатқан кезде қазақтан шыққан, қазақты құтқарған санаулы дәрігердің бірі болды.
Халел 1913- 1920 жылдары Темір уезінде учаскелік дәрігер қызметін атқара жүріп, оба ауруын жоюға атсалысты. Ол 1920 жылдан бастап Ташкенттегі Халық ағарту институтында оқытушы болып қызметке тұрып, Орта Азия университеті медицина факультетінің ауруханасында ординатор болып қабылданды. Сондықтан, аталған конференция барысында да оның ұлт медицинасын қалыптастырудағы еңбегі ескерусіз қалмады. Х.Досмұхамедовтың медициналық терминологияны қалыптастырудағы ерекше орны жөнінде баяндама жасаған С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық университеті «Патологиялық анатомия» кафедрасының профессоры, медицина ғылымдарының докторы Жауғашты Ахметов медицина саласында бір кездері Халел қалыптастырған, қолданған көптеген терминдерді енгізу мәселесіне тоқталды.
– Олардың айтып, жазуға ыңғайлылығын, қысқалығын айтпағанда, қазақтың төл тілінде айтылатындығымен ерекшеленеді. Атап айтқанда, бүгінде тәнтану оқулықтарында «гладкие мышцы» дегенді «бірыңғай салалы бұлшықеттер» деп алып жүр, Халелде ол – «тегіс ет». Сол сияқты, «поперечные полосатые мышцы» – қазіргі оқулықтарда көлденең жолақ бұлшықеттер, Халел оны бір сөзбен «жолақ ет» деп қолданған. Енді «полушарие большого мозга» дегенді қараңыз, бүгінгі аудармада ол – «үлкен мишық жартышарлары», Халел Досмұхамедовтың қолдануында – «ми сыңары». «Большое и малое кровообращение» дегенді бүгінде «үлкен қанайналым шеңбері», «кіші қанайналым шеңбері» дейді, шындығында ол жерде ешқандай шеңбер жоқ қой, ал Халел оны «қанның ұзын жолы» және «қанның қысқа жолы» деп дәл әрі шебер қолданған, — деді Жауғашты Байназарұлы.
Шара барысында қырғыз елінің танымал тарихшысы, доцент Жумагул Байдилдеевтің бауырлас екі елдің «Алашорда» және «Талап» қозғалыстарының көрнекті өкілдері жөнінде жазған тарихи құнды «Түрк дүйнөсүндөгү Кыргыз-Казак «Талап» коому» атты кітабының тұсауы кесілсе, конференцияға «SARMAD» этнофольклорлық ансамблі арнайы келіп, алаш арыстарына арнаған «Алаш аманаты» туындысын сыйға тартты. Конференция соңында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің басқарма төрағасы-ректоры Саламат Идрисов білім ордасының ғылымға сіңірген еңбегі үшін бір топ ғалымға Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің төсбелгісін, Құрмет грамотасы және Алғыс хаттарын табыс етті. Осылайша, Халел Досмұхамедұлының 140 жылдығына арналған конференцияда келелі ой қозғалып, тың ұсыныстар айтылды. Ұлтқа да, ұрпаққа да бергені мол тағылымды шарадан меймандар мерейлене тарқасты.
Мәлике МӘЛІК