Кәсіпорынды жекешелендіру – келешектің еншісі

Кәсіпорынды жекешелендіру – келешектің еншісі Жаңалықтар

Бұған дейін де бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып жүрген Атырау мұнай өңдеу зауытын мемлекет меншігінен алып, жекешелендіру мәселесі әзірге шешілмейтін болды. Бұл жайында жақында жұмыс сапарымен облысымызға келген «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев мәлімдеді.

Кәсіпорынды жекешелендіру – келешектің еншісі

«Қандай кәсіпорынды болмасын жекешелендірудің түрліше жолдарын қарастыруға болады. Соның ішінде Атырау мұнай өңдеу зауытын жекеге айналдырудың екі нұсқасын ұсынар едім. Оның біріншісі – IPO-дан тыс және екіншісі – осы бағдарламаның шеңберінде. Осыған байланысты қазір де әртүрлі пікірлер,   ұсыныстар айтылуда. Ішінара даулы жағдайлар да ұшырасып, тараптардың келіспеушілігі де туындауда» деді ол.

Қор басшысының айтуынша, егер алғашқы нұсқаға жүгінген жағдайда «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы зауыттың мемлекет алдындағы қарыздарын жауып, бережақтарын өтеуге қауқарлы ма? Баршаңызға белгілі, осыған дейінгі жаңғырту жұмыстары несиеге алынған қаражаттың есебінен жүргізілген. Тәуекелге бел буып, бұл істі қолға алатын, қомақты қаржысы бар адам табылып жатса құба-құп. Солай болған күнде бірнеше шартты  немесе талапты орындауы тиіс. Мәселен, ішкі нарықты қамтамасыз ету, ұжыммен байланысты мәселелерді шешу, т.с.с.  Сайып  келгенде  кәсіпорынды сатып алуға қауқарлы, қалталы азамат табыла қалса, онда сату мәселесін де ойластыруымыз ықтимал.

Өмірзақ Естайұлының және бір айтқаны, көпшілігі Атырау мұнай өңдеу зауытының әлі де болса «ҚазМұнайГаз»-дың құрамында қала тұруы керек деп есептейді. Осылайша, ұлттық компания «Халықтық IPO» бағдарламасына шығарылғанда, онымен бірге зауыт та жекешелендірілетін болады. Нәтижесінде бір ғана кәсіпорынның емес, түгелдей акционерлік қоғамның саттықтағы бағасы жоғарылай түседі.

Қалай дегенде де, дәл қазір де    нақты шешіліп тұрған мәселе жоқ. Сондықтан, зауытты жекешелендіру де келешектің еншісіне қалдырылып отыр. Әңгіменің түйіні осыған тірелді.

Дәулетқали АРУЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз