Атырауда ғылыми-өлкетану конференциясы өтті
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті ғылыми орта үшін маңызды оқиғаға куә болды. Университет қабырғасында «Еуразия халықтары мен мемлекеттері тарихындағы Каспий маңы және Жайық бойы тарихи-мәдени аумағының қазақтары мен татарлары. Тарих және қазіргі заман» атты ғылыми-өлкетану конференциясы өтті.
Бұл шараның маңыздылығы оның тек академиялық зерттеулермен шектелмей, халықтар арасындағы тарихи сабақтастықты қайта жаңғыртуға бағытталуында.
Бұл конференция Х Еуразиялық ғылыми-өлкетану форумының аясында ұйымдастырылған үлкен жиынның бір бөлігі саналады. Оның «Еділ-Жайық-Каспий бойының тарихи-мәдени аумағының татарлары: тарих және қазіргі уақыт» атты III кезеңі арқылы Қазақстан мен Ресей арасындағы байланыстарды жаңа деңгейде талқылау көзделген.
Университеттің Басқарма төрағасы-ректоры Саламат Идрисов конференцияның ашылуында қатысушыларға сәттілік тілеп, басқа өңірлерден және көршілес мемлекеттен келген қонақтарға алғыс білдірді. Ол осындай ғылыми іс-шаралардың халықтар арасындағы достықты нығайтуға, тарихи мұраларды жаңғыртуға үлес қосатынын ерекше атап өтті. «Бұндай іс-шаралар тарих көмбесін ашуға, халықтар достығы мен қарым-қатынасын арттыруға өзге қырынан тануға мүмкіндік береді. Қазақ-татар халықтарының бауырластық, ынтымақтастық дәстүрі жалғасып, тарихи сабақтастықты арттыра түседі», — деді С.Идрисов өз сөзінде.
Конференцияның басты ерекшелігі – оның тек қазақтар мен татарлар арасындағы тарихи байланыстарды ғана емес, сондай-ақ, бүгінгі заманға лайық мәдени және ғылыми серіктестікті талқылауы. Татарлар мен башқұрттардың Қазақстан конгресі» РҚБ Басқарма төрағасы Тауфиқ Кәрімов пен Татарстан Республикасының еңбегі сіңген ғылыми қайраткері, профессор Альберт Бұрханов сөз сөйлеп, екі халықтың ортақ тарихын ашып көрсетті. Олар өз баяндамаларында Қазақстан мен Татарстан арасындағы ынтымақтастықтың терең тамырлары туралы айтып, бұл байланыстардың бүгінгі күндегі маңыздылығын атап айтты.
Қатысушылардың пікірінше, осындай конференциялар екі ел арасындағы мәдени және тарихи байланыстарды одан әрі нығайтып қана қоймай, ғылыми зерттеулер мен өлкетануда жаңа беттерді ашуға мүмкіндік береді.
Жайна МӘЛІМҚОЖА