Атырау облысында 1 күн ішінде 800 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған

123 Жаңалықтар

Атырау облысында 1 күн ішінде 800-ге жуық тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бұл туралы бүгін Атырау облыстық Ішкі істер департаментінде өткен брифингте Жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Мұрат Демегенов мәлім етті.

123

Полиция подполковнигі Мұрат Нығметиярұлының мәлімдеуінше, бүгінгі таңда Атырау облысы ішкі істер департаментінің жергілікті полиция қызметі «Мүлдем төзбеушілік» қағидатын қалыптас­тыру негізінде білек сыбана жұ­мыс жасап келеді екен.

Атап айтқанда, облыста тәртіпсіздік пен ұсақ құқық бұзушылықтарға «мүлдем төзбеушілік» қағидатын қалыптастыру, азаматтардың құқықтық танымы мен мәдениетін арттыру мақсатында ағымдағы жылғы 25 – 27 қыркүйек аралығында облыс аумағында мүдделі мемлекеттік органдардың, «Нұр Отан» партиясының, үкіметтік емес ұйымдары, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен «Тәртіпсіздік пен құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік» кең ауқымды акциясы өткізілуде.

– Қоғамдағы тыныштық пен тату­лық, тәртіптің бір ізділігі мен бейбіт­шілік – Қазақстанның басты құндылықтарының бірі және еліміз­дің одан әрі табысты дамуының негізі. Атырау облысы ішкі істер департаментінің Жергілікті полиция қызметі де­малыс парктерін немесе саябақ се­кілді қоғамдық орындарында кез­де­сетін ұсақ бұзақылықтың алдын алу бағытында жұмыс жасауын жал­ғастыруда.

Аталмыш акцияның 1 күндік қорытындысына тоқталсақ, облыс көлемінде барлығы 800-ге жуық тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде, 400-ден астамы жол жүру ережелерін бұзғандары үшін заң алдында жауап берді, – деп атап өтті брифингте Жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Мұрат Демегенов.

Бір күнде анықталған 800-ге тарта әкімшілік құқық бұзушылықтың 30-дан астамы ұсақ бұзақылық болса, 60-қа жуығы белгіленбеген орындарда темекі шегу, 70-тен астамы қоғамдық орында ішімдік ішу, 30-дан астамы кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз еріп-жүруі көрінеді.

Ал, жол жүру ережелерін бұзған тұлғалардың 60-тан астамы көлік құралын басқару кезінде телефонды пайдаланса, 70-ке жуығы белгіленген қозғалыс жылдамдығын арттырған екен. 10 жүргізушінің көлік құралын мас күйінде басқарғаны тіркелсе, 90-ға жуығы қауіпсіздік белбеуін пайдалану ережелерін бұзғаны анықталған.

Сондай-ақ, 40-қа жуық жаяу жүргіншілер де жол жүрісі ережелерін бұзғаны үшін айыппұл төлеген.

– «Тәртіп – тәрбие бастауы, Тәртіпсіздік – өміріңнің қас жауы» деген мақал құқық бұзушылықты азайту шараның басты принципін көрсетеді. Яғни, әр азамат кез келген құқық бұзушылықты көргенде немқұрайлылық танытпай, арнайы органдарға хабарлай отырып, қоғамда кез-келген құқық бұзушылыққа «мүлдем төзбеушілік» қалыптастыруға өз үлестерін қосу қажет. Сонда ғана қоғамда қылмыс, оның ішінде ұсақ құқық бұзушылық пен мемлекеттің заңдарын бұзушыларға жол берілмейді, – деді брифингті қорытындылаған полиция подполковнигі Мұрат Нығметиярұлы.

Нұрсұлтан ЕРТУҒАНҰЛЫ

Суретті түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз

  1. Jenis

    Жақсы жасаған екен!