
Ерекше жандар боччада бақ сынады
Атырау қаласында облыс аумағындағы мүгедектігі бар азаматтар арасында бочча ойынынан турнир ұйымдастырылды. Турнирге барлығы сегіз команда қатысты: оның екеуі Жылыой ауданынан, біреуі Махамбет ауданынан және бесеуі Атырау қаласынан жиналды. Сайысқа қатысушылар тек спорттық шеберлігін ғана емес, сонымен қатар достық, ынтымақтастық пен өзара қолдаудың маңыздылығын көрсетті.
Айта кетейік, бұл шара «Біз де адамбыз» қоры «Теңізшевройл» компаниясының қолдауымен жүзеге асырып жатқан «Мүгедектігі бар адамдарды тиімді оңалту» жобасы аясында өтті. Аталған жоба мүгедектігі бар жандарды жан-жақты қолдап, оларды қоғамға бейімдеу мен әлеуетін ашуға бағытталған. Ұйымдастырушылар жыл бойы инклюзияны дамытуға арналған спорттық, мәдени және ағартушылық іс-шараларды өткізуді жоспарлап отыр.

– Биыл қорымыз жаз бойы мүгедектігі бар адамдарды біріктіруге бағытталған бірқатар іс-шараларды ұйымдастырып жатыр. Кеше, 4 шілдеде, инклюзивті спектакль қойдық. Ал 7 шілде күні – балық аулау турнирін өткіземіз. Бочча турнирінің жеңімпаздарына лайықты сыйлықтар беруге демеушілік көрсеткен FIR Caspian компаниясына алғысымыз шексіз. Сонымен қатар әрдайым қолдау білдіріп, облыста инклюзивті орта қалыптастыруда үлкен рөл атқарып келе жатқан «Теңізшевройл» компаниясына ризашылығымызды білдіреміз, – деді «Біз де адамбыз» қорының жетекшісі Гүлназ Қосмұрзиева.
Атырауда өткен бұл турнир мүгедектігі бар жандарға жаңа мүмкіндіктер ашып, оларды қоғамға тарту ісінде маңызды қадамдардың бірі болды.
Тоғжан ЕРМЕК