Жарнама
Жаңалықтар

Атырауда ерекше сән көрсетілімі өтті

Атырау қаласында «GRAND FASHION ATYRAU – 4» атты этникалық бағыттағы сән көрсетілімі өтті.
Бұл мәдени шара қазақ ұлттық киімдерінің заманауи үлгіде қайта жаңғырып, жаңа тыныс алғанының айқын дәлелі болды. Сән көрсетіліміне 12 отандық дизайнер және Атырау сервис колледжінің студенттері қатысты. Олар ұлттық нақышты сақтай отырып, жаңа формалар мен маталар арқылы өзіндік стильдерін көрсетті.

Сән кешінің ұйымдастырылуына мұрындық болған — осы жобаның негізін қалаушы, madame AISU бренді мен Global Textile Manufacturing компаниясының жетекшісі Айсұлу Оразбаева. Ол – бүгінде 30-дан астам дизайнерді біріктіретін Қазақстан дизайнерлер қауымдастығының жетекшісі.

Қауымдастықтың мақсаты – шығармашыл жастарды қолдау, отандық сән индустриясын дамыту, дизайнерлерді халықаралық деңгейге шығару және ұлттық стильді әлемге таныту.

Сахнаға алғашқы болып шыққан madame AISU брендінің негізін қалаушы Айсұлу Оразбаеваның топтамасы ерекше әсер қалдырды. Авторлық принттер, кестелі киімдер мен қолмен жасалған сәнді аксессуарлар арқылы ол дәстүр мен қазіргі сәнді нәзік үйлестірді. Ал zhazimen.art брендімен танылған Гүлжазира Аймұрзаева үшін киім — адамның ішкі жан дүниесін көрсететін рухани құндылық. Оның топтамасы ұлттық болмысты жастар санасына заманауи киім тілімен жеткізуді мақсат еткен.

RAI брендімен шыққан Райхан Әбдіғалиева балалар мен жасөспірімдерге арналған 3D пішінді, тафта мен фатиннен тігілген жарқын, нәзік көйлектер арқылы балалық шақтың пәктігін, мөлдір арман мен қиялды көркем бейнеледі. A7 бренді арқылы сән сахнасына шыққан Әсем Ахсамбетованың топтамасы ұстамдылық пен қарапайымдылықты басты стиль ретінде ұсынды.

Marzhan Marshall брендімен танылған Маржан Маршалл Түркістанның этномотивтерін икат принті, мақта, жібек және шифон маталары арқылы жаңғыртып, ұлттық мәдениетті заманауи киім арқылы жеткізді. Ал RIMA брендімен қатысқан Римма Шабаева өзінің коллекциясында іскер әйел бейнесін ұлттық элементтермен ұштастырған. Оның туындыларына ерекше пішімдер мен қол кестесі сән беріп тұрды.

Gulnura_brand арқылы шыққан Гүлнұр Жанғуатова Голливуд стиліндегі кешкі көйлектерді ұсынып, жастар талғамына сай еркіндік пен нәзіктікті әдемі үйлестіре білді. AiNur Collection брендімен шыққан Айнұр Қаршыгенова ұлттық маталарды худи, джинс, бомбер секілді заманауи стильдермен ұштастырып, ұлттық киімге жаңа сипат берді.

Salima_Kuanbaeva және Mari Fazyl есімді дизайнерлер бірлесіп дайындаған топтама джинс курткалардағы авторлық өрнектер, хош иістер және қолөнер элементтерімен ерекшеленді. Бұл синтез – көркемдік пен қолайлылықты үйлестірген жаңа бағыттағы үлгі болды.

Ал KALI бренді арқылы сахнаға шыққан Гүлнар Мусинаның туындылары – элеганттылық пен нәзіктіктің көрінісі. Ұлттық элементтерді күнделікті киюге болатын стильге айналдырып, ол мұраға деген құрметті заманауи өмір салтымен ұштастыра білді. Ал Sofiya Tyo брендімен шыққан Тё Софияның «Мектеп кеші» топтамасы жасампаздық пен нәзіктікті бейнелейтін заманауи мектеп көйлектерімен көрермен ықыласына бөленді.

«GRAND FASHION ATYRAU – 4» сән көрсетілімі – тек сәндік іс-шара ғана емес, бұл – ұлттық болмысты киім тілімен жеткізудің, мәдени мұраны жаңа заманмен үндестірудің үлгісі. Осындай жобалар арқылы қазақ сәнінің жаңа келбеті қалыптасып, ұлттық стиль жаңа биікке көтерілуде.

Тоғжан ЕРМЕК

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button