АТЫРАУДА ЕРЕКШЕ КАБИНЕТ АШЫЛДЫ
12 қараша күні «Ғажап күн» атты балалардың ерекше қабілетін арттыратын кабинет ашылды. Бұл күні балалар қағаз бен қаламның орнына кинетикалық құмды пайдаланып сурет салып жаттықты. Мақсат – көріп-сезу арқылы балалардың сөздік қорын, танымдық қабілеті мен шығармашылық ойлауын дамыту.
Бұл – волонтерлік жоба. Бұл әртүрлі санаттағы адамдарға арналған. Бір күнімізді әлеуметтік көмекті қажет ететін отбасының қалыпты балалары мен аналарына арнасақ, келесі шеберлік сағатымыз ерекше балалар үшін өтеді. Одан бөлек, балалар үйінің тәрбиеленушілерін, қарттар үйінің тұрғындарын, мүмкіндігі шектеулі адамдарды, бір сәтке болсын күнделікті күйбеңнен демалайыншы деген барлық адамдарды да қатыстыру көзделген. Бұл кабинетке келген адамдардың бір күні қазақ халқының қысқа ертегілерін тыңдаумен басталады және оның мазмұнын немесе кейіпкерлерін құмға сурет қылып түсіреді. Жоба Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының Азаматтық орталығының қолдауымен ашылды. Жоба авторы өңірге белгілі волонтер, «Жаныңдамын!» волонтерлік ұйымының жетекшісі Мейрамгүл Есниязова волонтерлерді қолдауға арналған облыстық «Демеу» конкурсына қатысып, жеңімпаздар қатарынан табылды. Грант құны – 400 000 теңге.
– Осы қаржыға біз Астана қаласынан арнайы 8 құм аппаратын сатып алдық. Бұл волонтерлік жоба болғандықтан тек сенбі, жексенбі күні ғана өтеді. Айына 4 жастан жоғары 20 баланы тегін қатыстыру көзделген. Біздің топ екі жылдан бері өңірде көптеген волонтерлік жобалар мен іс-шараларды тұрақты түрде топ мүшелерінің қаржыландыруымен немесе демеушілердің көмегімен өткізіп келеді. Биылғы шілде айында Атырау облыстық балалар ауруханасымен біріккен «Жаныңдамын!» жобасы өз жұмысын бастаған болатын. Сенбі, жексенбі күндері ауруханада ем алып жатқан балаларға сурет салудан шеберлік сыныптарын өткізіп келдік.
Кезекті бір шарамызда ауруханада жатқан баланың анасы маған: «Сіздердің жобаларыңыз үнемі көп балалы, толық емес отбасы балаларына арналған. Менің отбасым толық, екі балам бар, мен де, әкесі де қарапайым қызметкерлерміз. Біз де балаларымызды осындай үйірмелерге бергіміз келеді, бірақ қалтамыз көтермей жатады. Қарапайым тұрғындарға да қолжетімді осындай шаралар ұйымдастырыңыздаршы» деп өтінген болатын. Осыдан кейін аталмыш жобаны бірінші рет конкурсқа тапсырып қарадым. Конкурсқа тапсырарда ұзақ ойландым. Бір күндік жоба емес, нәтижесін беретін, ұзақ мерзімді жоба ұсынғым келді. Міне, бүгін осы идеяның жемісі – алдарыңызда. Осының өзі – жасаймын деген адамға аз ғана қаржымен үлкен дүние жасауға болатындығының дәлелі. Құм мен ертегі терапиясын біріктіру арқылы балалардың сөздік қорын дамытуды, өміршеңдігін жоғалтып бара жатқан қазақ ертегілеріне деген құштарлықты арттыруды мақсат еттік. Қазақтың қай ертегісі болмасын, соңы «бай, бақуатты болып өмір сүріпті» деп жақсылықпен аяқталады. Қазақ ертегілерін тыңдата отырып, бала бойында жақсы мен жаманды айыруға, мейірімділік пен қайырымдылықты жүректеріне ерте бастан құюға жұмыстанамыз, — деген ойымен бөлісті жоба авторы.
Кабинеттің ашылу салтанатына «Аналарды қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінің басшысы Сандуғаш Кукенова өзі әлеуметтік көмек көрсетіп жүрген аналармен және олардың балаларымен бірге қатысты.