Атырауда ерекше балаларға арналған инклюзивті шығармашылық шеберханасы ашылды
Atr.kz/ 2 сәуір, 2019 жыл. «Венера» шеберханасы аутизм, сал ауруы, дауна синдромына шалдыққан балаларды оңалту бағытында жұмыс істейді.
Бұл туралы Атыраудағы Азаматтық орталық мекемесінің директоры Әйгерім Жәрдемқызы Фейсбук желісіндегі өзінің парақшасында хабарлады. «Орталық жиырма адамға шақталған. Балалармен логопед, арт-терапия және логоритм мамандары жұмыс істейді. Бұдан бөлек, орталықта сенсорлы-динамикалық интеграция залы, денешынықтыру, бейімделу залы жабдықталған» делінген Әйгерім Жәрдемқызы қалдырған постта.
Орталықта АВА-терапия кабинеттері де жұмыс істейді. АВА-терапия -баланың жеке қабілеттері мен ресурстарын ескере отырып, әсер ету әдістері және технологиялар көмегімен, балаға қоршаған ортаға бейімделуге мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда орталықта 20 бала бар. Ерекше балаларға жоғары санатты он маман қызмет көрсетуде.
Айта кетерлігі, орталықтың директоры Гүлбарам Ермұханова ерекше баланың анасы. Ол орталық жұмысын үнемі жетілдіріп отыратынын айтады.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА.