Абайлаңыз, алаяқ!

АБАЙЛАҢЫЗ АЛАЯҚ Жаңалықтар

Қала көшелерінде қаптап тұрған жарнамалардан көз сүрінеді. Тіпті мұндай көрініске тұрғындар әбден үйреніп те кеткен. Көпшілігі мұны қалыпты санайды. Алайда, жарнамалардың арасында олардың күмән тудыратындары да жоқ емес. «Ақша табудың оңай жолы», «Кез келген ауруды жазып беремін» немесе «Апта сайын табыс табуға үлкен мүмкіндік», «Студенттерге арналған жұмыс» секілді жарнамалардан бойыңызды аулақ ұстағаныңыз абзал. Өйткені, алаяқтың құрбаны болуыңыз әбден мүмкін.

АБАЙЛАҢЫЗ, АЛАЯҚ!

Маусым айында Оңтүстік Қазақстан облысында жалған жарнамалар ілу арқылы оңай жолмен олжа таппақ болған күдікті жайында ақпарат құралдары жарыса жазды. Оның арам ойының құрбаны болған Шымкент қаласының 1952 жылғы тұрғыны полицияға шағымданып келген. Айтуынша, белгісіз әйел сеніміне кіріп, «жұмысқа орналастырып беремін» деген желеумен 300 мың теңгесін алып, ізін суытқан. Осындай шағыммен тағы бірнеше тұрғын арызын арқалап келген.

Кейін полицейлер оның қала көшелеріне жалған жарнама ілгендігін анықтады. Сөйтіп, жарнама арқылы хабарласқан бірқатар тұрғынның «медициналық мекемелердің біріне жұмысқа орналастырып беремін» деп ақшасын жымқырған. Тергеу барысында оның бес алаяқтық іске қатысы бары белгілі болған. Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі миллион теңгені құрапты.  Аталған жайт бойынша, қылмыстық кодекстің 190-бабымен (алаяқтық) қылмыстық іс қозғалған.

Ал, біздің қаламызда мұндай жазулары бар бір парақ қағазды, әсіресе, аялдамалар мен көп қабатты тұрғын үйлер, сауда орталықтары, көше бойындағы электр бағаналары мен құрылыс алаңдарынан жиі кездестіруге болады.

Бейбарыс даңғылы бойындағы көп қабатты тұрғын үйдің есік алдына ілінген оңай табыс табуға шақырған бір жарнама бойынша қоңырау шалып, мән-жайды анықтап көрдік. Жарнамада көрсетілген телефон нөмірінің тұтқасын әйел адам көтерді. Амандасқан соң, хабарландыру бойынша хабарласып отырғанымызды, бір апта ішінде мол табысқа кенелтетін қандай жұмыс екенін сұрадық. Тұтқаның ар жағындағы бейтаныс қыз «Бұл жұмыс сізге бір апта ішінде табысқа жетуге мүмкіндік береді. Қазір бір аптада 500 000 теңгеге дейін қаражат тауып отырғандар бар. Сіздің атқаратын жұмысыңыз телефонмен айтылмайды. Өзіңіз келуіңіз керек» деп қысқа қайырды.

Сөзін жұмбақтап жеткізген қыздың ұсынған жұмысы мені де қызықтыра түсті. Көп кешікпей ол айтқан мекен-жайға да жеттім. Тұрғын үйдің екінші қабатында орналасқан аядай екі бөлмелі кеңсеге кірдім. Ғимарат қабырғаларына бай болудың пайдасы, оның адам өміріне әсері туралы орыс тілінде жазылған «қанатты сөздер» ілінген.

Алдымнан күлімдеп қарсы алған отыз жас шамасындағы замандасқа  жарнама бойынша келіп тұрғанымды айттым. Жайлы кеңседе қайтадан орнына жайғасқан ол:

– Келгеніңізге қуаныштымыз, біздің тауарларымыз бұл елде ғана емес, бүкіл Еуропаға кеңінен танымал. Мұны сатып алмайсыз, сізге су тегін беріледі. Тек өзіңіз тұтыну арқылы, адамдардың «көз құрты» боласыз. Олар сізге қызыға қарап, тауарларды сатып алатын болады, – деп бірден әңгімесін бастаған ол тоқтаусыз сөйлей берді. Ал, бір мезетте ойда жоқта жанымызға «серіктесі» келіп, әйел адамдар тұтынатын сағат, білезік секілді заттарды мақтай бастады. Сондай-ақ, өзінің бұл іспен айналысқанына көп уақыт өтпесе де пайда тауып, отбасымен бірге Түркия, Араб Әмірлігі, Еуропа елдерінде демалғанын айтты. Сөйтіп, енді маған екеулеп түсіндіруге көшті. Сөздерінен соң терең ойға батып, үнсіз ілбіп  кеңседен шығып кеттім.

Телефонмен айтуға болмайтын, «құпия қызметтің» түрі осы болды. Көшеде тұрысынан-ақ күмән туғызған жарнама менің күдігімді одан әрі қоюлата түсті. Шын мәнінде шынайылықты тексеріп көргім келген мен әлгілердің  сөздерінен соң көпке дейін өз-өзіме келе алмадым. Құдды бір гипноз-терапиядан шыққандаймын… Ал, менің орнымдағы кез келген адам аз ғана уақыт ішінде  мол қаражатқа жетуді ойлап, шын мәнінде олардың сөздеріне сеніп қалар ма еді?! Шынымен де ойланарлық жағдай…

«Мол табысқа кенелтемін», «Жұмыс тауып беремін», «Кезексіз үй алуға көмектесемін» деп жүрген алаяқтар арамызда да жоқ емес. Олар сіздің емес, керісінше өз қамын, өзіне пайда табуды ғана ойлап алдап соғады.

Соңғы жылдары көптеген атыраулықтар алаяқтықтың құрбаны болды. Бұл фактілерді қылмыстық деректерден жиі кездестіруге болады. Зардап шегушілер өз ақшаларын қайтарып алу үшін құқық қорғау органдарына жүгінеді.

Кейбір адамдар осындай жарнамалар арқылы құмалақшы, емші сияқты балгер-тәуіптерге қаралып, сан соғып жатыр. Солардың ішінде көбі жалған тәуіптердің,  кәсіби алаяқтығының құрбандығына шалынады. Мамандардың пікірінше, мұндай балгерлер – адамдармен қалай қарым-қатынас жасау керектігін, сезімдерімен ойнап, бастарын айналдырудың шебері. Жасы егде тартқан әйелдерге көбіне ауру, дуа немесе жақын бауырларының бірінің немесе өзінің ажалы туралы айтады. Ер адамдарды ақшасы мен денсаулығына дуа салынған деп қорқытады. Осылайша, адамдар жалған емшінің шырмауына түскендерін білмей қалады екен.

Түйін:

Жалған жарнамаға еліміздің заңдары да қатаң тыйым салады. Соған қарамастан біреудің ала жібін аттап, алдау арқылы ақысын алатындар азаяр емес. Тұрғындарға алаяқтың құрбаны болмау үшін қоғамдық орындарда және көшеде бейтаныс адамдармен қарым-қатынаста сақ болуды еске саламыз. Егер де осындай қылмыстың жәбірленушісі немесе куәгері болсаңыз, дереу «102» нөміріне хабар беріңіз.

 Мәлике МӘЛІК.

 

Ғарифолла ОРЫНБАСАРОВ,

Қызылқоға аудандық прокуратурасының аға прокуроры:

– Статистикалық мәліметтерге сәйкес, алаяқтар көбінесе ақшаға көз тігеді. Ал, олардың арбауына әйелдер жиі түсетін көрінеді. Құрыққа түскен азаматтардың ортақ ерекшелігі – заңды білмеуі.

Азаматтар аңғалдықтарының  кесірінен ақша айырбастау, ұялы телефоннан хабарласу секілді өтініштерге сеніп, алаяқтарға алданып қалып жатады. Сондай-ақ, соңғы кездері телефон арқылы хабарласып, «жақыныңыз келеңсіз жағдайға тап болды» деп үптеп кететіндер жиі кездескен. Өзгенің жылжымайтын мүлкін, көлігін иелену де өзекті мәселе болып отыр. Жұмысқа орналастыруға уәде бергіштер мен мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындау жұмыстарына көмектесуге уәде ететін алаяқтар да кездесуде. Демек, халыққа осындай жағдайларда абай болу керектігін алдын ала ескере жүру қажет.

Соңғы уақытта жиі жасалып жүрген алаяқтық заманына сай түрленіп, әдіс-тәсілдерін жаңартып, жетілдіре түсуде. Азаматтық құқық бұзушылықтың жаңа түрлері және заманауи технологияларды пайдалану арқылы қылмысты жасаудың жаңа әдістері пайда болуда. Уақыт өтсе де  өзгермейтін қылмысты жасаудың себебі – адамның пайдакүнемдік теріс пиғылы. Несиені үшінші адамдар арқылы заңсыз ресімдеу, иелікте жоқ мүліктің сауда-саттығы, туысқандар туралы жалған мәліметтер беру, алдап-арбаудың сан қилы айла-шарғылары пайда болуда.

 

Нұрым ОРАЗБАЕВ,

облыстық ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметінің басшысы:

– Алаяқтық фактілері, өкінішке қарай, біздің өңірде де кездесуде. Сондықтан, тұрғындарға сақ болуды үнемі ескертіп келеміз. Өткен жылы «жер, үй алып беремін» деп уәде етіп, ақшасын алғаннан кейін сан соқтырып кеткендер болды. Мұндай фактілер саны 25-30-ға жетті. Ал, қазір алаяқтардың «бағыты» өзгерді.  «Теңізшевройл» және басқа да ірі мұнай компанияларына  жұмысқа орналастырамын» деп алдап кеткен жағдайлар жиі да орын алуда.

 

* Олар қандай болады?

– Адамдардың жеңіл пайда табу, бір нәрсеге оңай, әрі тез қол жеткізу сияқты қасиеттерін ескеріп, өз ісіне оңтайлап алады;

– Әртістік дарыны бар, өтірікті шындай етіп жеткізетін айлакерлігі басым адамдар болып келеді;

– Таза, әрі әдемі киінеді, асықпай сөйлеп, әзіл-қалжың айтады, адамның көзіне тура қарап, барынша сенім тудыруға тырысады;

– Алдау-арбау жолында жүрген жұбайлық жұптар да кездеседі. Олар тез әрекет етіп, басқадай ақпарат алуға мүмкіндік бермейді

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз