Атырауда еңбекақы айырмашылығы «ауыздықталды»

Жаңалықтар

Atr.kz/10 наурыз, 2020 жыл. Қазақстандық және шетелдік жұмысшы-қызметкерлердің  жалақы айырмашылығы жер мен көктей екендігі анықталды. Мысалы, «Саренс» компаниясында супервайзер қызметін атқарған қазақстандық еңбегіне 750 мың теңге алған. Дәл осы қызметтегі  шетелдік маманның  ай сайынғы жалақысы –  3 млн. 400 мың теңге.

Ал, қондырғылар мен автоматика жөніндегі инженер қызметіндегі қаракөзіміз айына 300 мың теңге алса, шекара асып келген қызметкер  осы жұмысына 1 млн. 300 мың теңгені қалтасына басыпты. Бұл жөнінде облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Атырау облысы мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Игілік Әубәкіров мәлімдеді.

 Басқарма басшысының айтуынша, өткен жылы инспекцияда 1776 өтініш тіркеліп, оның 1708-і қаралды. Нәтижесінде  949 азаматтың еңбек қатынастары бойынша конституциялық құқықтары қорғалды.   Түскен өткініштер бойынша еңбек инспекторлары жедел түрде жұмысшылардың  құқықтарын қалпына келтіргендіктен 273 азамат өтініштерін  қайтарып алған.

Осындай еңбек дауларын дереу шешу мақсатында еңбек инспекция басқармасы мен «Медиация дамыту орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігі арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасақталды. Жыл ішінде еңбек инспекторлары тарапынанмен жұмыс орындарына 502тексеріс жүргізіліп, осының нәтижесінде оларда   571 заң бұзушылық анықталды. Осы заң бұзушылықтарға жол берген 428 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға, 104,1 млн. теңге айыппұл салынды.

Өткен жылы аймағымызда 35 өндірістік жазатайым оқиғасы  орын алды. Оның салдарынан 5 жұмысшы қаза болып, 30-ы  түрлі дәрежедегі дене жарақатымен аурухана кеуетіне таңылды. Бұл келеңсіздіктердің  көпшілігі құрылыс мекемелерінде, мұнай кәсіпорындарында болды. Жазатайым оқиғалардың орын алуына өндірістегі жұмыстардың жеткіліксіз ұйымдастырылуы, жарамсыз көліктер мен қондырғыларды пайдалануы, қауіпсіздік ережелерінің қатаң сақталмауы, қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларының жүйелі түрде жүргізілмеуі себеп болған.

Басқарма тарапынан еңбекақыны кідірту және төлемеу фактілеріне жол бермеу мақсатында ай сайын жүйелі түрде  мониторинг жүргізіледі. Қадағалаудың нәтижесінде 2018 жылдан бері облысымыздағы   28 кәсіпорында 719 жұмысшының алдында 168,9 млн. теңге еңбекақы берешегі берілмегені белгілі болды. Осыған сәйкес,  тиісті шаралар қолдану арқасында жұмыс берушіден 161,2 млн. теңге көлемінде жалақы өндірілді.

Былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауға келген сапарында шетелдік және    қазақстандық  жұмысшы-қызметкерлердің  жалақысын сәйкестендіру жөнінде тапсырма берген болатын. Оны орындау мақсатында Бас прокуратура  шетелдік жұмыс күшін тартатын кәсіпорындарға тексеру жүргізу туралы нұсқау берді. Осы негізде 43 кәсіпорында тексеру жүргізіліп, нәтижесінде қазақстандық жұмысшыларға қатысты 109жалақы төлеуде кемсітушілік – дискриминация, 167 берілген рұқсатқа сәйкес келмейтін лауазымда қызмет атқару және 114шетел азаматының білімі атқарып отырған лауазымына сәйкес болмау деректері анықталды.

– Осы анықталған заң бұзушылықтарды жою туралы жұмыс берушілерге 24ұйғарым беріліп,  271 әкімшілік іс  қозғалды. Еңбек құқын бұзған кәсіпорындарға 81 млн.теңге айыппұл салынып, оның 73,1 млн. теңгесі мемлекетке өндірілді.  Осыған қоса,  262 шетел азаматына берілген рұқсаттарды кері қайтарып, рұқсат мерзімін ұзартпау жөнінде уәкілетті органға хаттар жолданды. Тексерістерден соң, жұмыс беруші бес компания қойылған шарттардан нәтиже шығарып, шетелдік және қазақстандық жұмысшылардың алатын жалақыларын теңестірді. Ал, қалғандары теңестірудің басқа әдісін қолданып,  жұмыс атқарушы шетелдіктердің бірліктерін қысқартқан. Яғни, олар қызметтерінен кетті, – деді басқарма басшысы Игілік Айдарұлы.

Мұратбек ЖАҢАБАЙ

http://atr.kz/bez-rubriki/atyrauda%d2%93y-%d3%99leumettik-%d2%9bamsyzdandyru-ortaly%d2%93y-endi-n%d2%b1rsaya%d2%93a-k%d3%a9shti/
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз